Павлодарда мектеп оқушысы террорлық шабуыл туралы жалған хабар берген

Павлодарда мектеп оқушысы террорлық шабуыл туралы жалған хабар берген
Фото: Politico.kz

Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде оқушының әрекеті арнайы қызметтерді әбігерге салды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сабаққа кешігіп келген жасөспірім сыныптасының қараусыз қалған телефонын пайдаланып, шұғыл қызметке террорлық акт дайындалып жатқаны туралы жалған хабарлама берген. Енді оның ата-анасы арнайы қызметтердің оқиға орнына шығуына кеткен шығынды өтеуі мүмкін.

Оқиға білім беру мекемесінің спорт залында болған. Сабаққа кешіккен оқушы сол жерден сыныптасына тиесілі қараусыз жатқан ұялы телефонды байқап, шұғыл қызмет нөміріне қоңырау шалған. Алайда кейін жасөспірім мұндай әрекетінің салдары туралы мүлде ойламағанын айтқан.

Полиция қызметкерлері қоңырау түскен нөмірді жедел анықтап, оқиғаның мән-жайын тексерген. Нәтижесінде жалған хабар берген адамның кәмелетке толмаған оқушы екені белгілі болды.

Павлодар қалалық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаровтың айтуынша, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір жасөспірім заңды өкілдерінің кепілдігімен тапсырылған.

Полиция мұндай әрекетті жай әзіл ретінде қабылдауға болмайтынын ескертеді. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, жалған шақыртуға байланысты арнайы және шұғыл қызметтердің жұмсаған қаражаты да өтелуі тиіс. Бұл шығынды кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінен өндіріп алу мәселесі қаралады.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балаларымен шұғыл қызмет нөмірлерін тек нақты қауіп төнген жағдайда ғана пайдалану керектігі туралы сөйлесуге шақырды. Өйткені бір ғана ойланбай жасалған қоңырау қылмыстық жауапкершілікке және отбасына қаржылық шығын әкелуі мүмкін.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу