8 шілде Әскери медицина күні

8 шілде - Әскери медицина күні: Майдан мен бейбіт күннің батырлары
Әскери дәрігер – көбіне көзге көрінбейтін, бірақ кез келген қауіп-қатерге қарсы тұруға дайын бейбіт күннің жауынгері. Жаралыларға көмектесіп, өмір үшін күресте алдыңғы шепте жүретін ақ халатты жандар әрдайым құрмет пен алғысқа лайық.
Тәуелсіз Қазақстанның әскери медицинасы 1992 жылдан, яғни Қарулы күштер Бас штабы жанындағы Әскери-медициналық басқарма құрылған сәттен бастау алады. Содан бері бұл сала талай сынақтан өтіп, еліміздің қорғаныс қабілетінің ажырамас бөлігіне айналды.
Бүгінде әскери-медициналық құрылым – 8 госпиталь, 4 лазарет және ондаған медициналық пункттен тұратын кең жүйеге айналды. Тек өткен жылдың өзінде ғана әскери госпитальдарда 10 мыңнан аса адамға көмек көрсетілген.
Сала үздіксіз даму үстінде. Мәселен, 2023 жылы Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі жанынан оңалту бөлімшесі ашылды. Мұнда әскери қызметшілер жарақат пен ауыр сырқаттардан кейін денсаулығын қалпына келтіре алады. Сонымен қатар, Ақтауда әскери теңізшілерге арналған госпиталь салу және Алматыда әскери медицина академиясын ашу жоспарлануда.
Әскери медицина саласының дамуына отандық медициналық мекемелермен жасалған ынтымақтастық та ықпал етуде. Президент Іс басқармасының медициналық орталығы, Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығы және басқа да ұйымдармен әріптестік орнаған.
Халықаралық миссиялар да әскери дәрігерлер үшін үлкен тәжірибе мектебі. Қазақстандық медицина мамандары Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан биіктіктеріндегі бейбітшілік миссиясына қатысып, шетелдік бітімгерлер мен жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп келеді.
Әскери дәрігерлер еліміздегі оқу-жаттығу жиындарына, апат кезінде жұмылдыру жұмыстарына да белсене қатысады. Олар санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын қамтамасыз етіп, әрдайым көмекке дайын жүреді.
Олардың ерлігі әсіресе Covid-19 пандемиясы кезінде айқын көрінді. Сол шақта әскери госпитальдарда инфекциялық изоляторлар, ПТР-зертханалар мен жылжымалы кешендер ұйымдастырылды. Ал 2024 жылғы су тасқыны кезінде әскери дәрігерлер ел тұрғындарына көмекке келді.
Биыл әскери медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қолдауы да күшейтілді: олар азаматтық клиникаларда тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болып, жалақысы азаматтық дәрігерлер деңгейіне дейін көтерілді.
Соңғы жаңалықтар





