Сатыбалды әкім ретінде не істеді

Сатыбалды әкім ретінде не істеді
03.07.2025 09:54
0
180
Коллаж POLITICO.KZ (Фото: instagram.com/dots_foto)

Алматының жаңа әкіміне бір ай: Дархан Сатыбалдының алғашқы қадамдары

Дархан Сатыбалды еліміздің ең ірі қаласы - Алматының әкімі қызметіне кіріскеніне бір айдан асты. Бұл мерзім әкім жұмысына түбегейлі баға беру үшін жеткіліксіз болғанымен, жаңа басшының басқару стилі айқындала бастағандай. Алғашқы күндерден-ақ Сатыбалды кеңседе отырудан гөрі, қаланы аралап, жағдайды көзбен көруге ден қойды. Бұл тәсіл оның алдындағы әкімдерден өзгеше екені аңғарылады.

Әлеуметтік нысандар басты назарда

Жаңа әкім ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылымға мән беріп отыр. Әсіресе, мектеп құрылыстары ерекше бақылауға алынған. Сатыбалды Bazis-A компаниясы салып жатқан тоғыз мектептің құрылыс алаңына барып, компания иесі Александр Беловичке қатаң ескерту жасады:

"Александр Якубович, қыркүйекте бұл мектептерде оқушылар отыруы керек. Біз сендік, бірақ сенімімізді ақтамадыңыз. Бұл - балалар үшін, бұл - бюджет қаржысы!"

Бұл сөздерді отандық БАҚ жарыса таратты. Белович уәде берді, енді құрылыс уақытында аяқтала ма - оны уақыт көрсетеді.

Инфрақұрылымға жаңа көзқарас

Дархан Сатыбалдының тағы бір тосын әрекеті - жаңа метро станциясының құрылысын өзі барып бақылауы. "Қалқаман" станциясындағы жұмыс та баяу жүріп жатыр. Бірақ әкім мұнымен тоқтамай, метро құрылысын тек бір бағытта емес, бірнеше бағытта қатар жүргізуді ұсынды: "Алтын Ордаға" қарай жоспарланған желіні жалғастырумен қатар, әуежайға апаратын бағытта да жұмыс бастауды көздеп отыр.

Ең маңыздысы әкім жұмысының алғашқы күндерінде-ақ метро мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұған дейін кейбір әкімдер бұл саланы елемей келгені жасырын емес. Ал метрополитен күн сайын 100 мыңнан астам адам қолданатын маңызды көлік жүйесі.

Сайранда сән мен тазалық қатар жүруі тиіс

Көп жылдар бойы қараусыз қалған Сайран көлі алматылықтар үшін ерекше орын. Мұнда бұрын джип жарыстары өтетін, көл суы түгел сорылып, эпидемияның алдын алу шаралары жүргізілетін. Енді бұл жер жаңаша тыныс ала бастады.

12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген бұл жоба да кешігіп жатыр. Бастапқыда 2024 жылдың соңында аяқталады делінсе, кейін 2025 жылдың мамырында ашылады деп жоспарланған. Қазір ғана аяқталуға жақын.

Сатыбалды Сайран бойынша жеке кеңес өткізіп, мердігер - "Павлодар өзен порты" АҚ-ына соңғы ескертуін берді. Сонымен қатар, көлдің тазалығына жауапты шенеуніктер мен тәртіп сақшылары да сын естіді.

Әкім кеңседен көшеге шықты

Дархан Сатыбалды әкім ретінде қызметіне шынайы араласып, кабинетте емес, халықпен қатар жүріп, жағдайды өз көзімен көріп отыр. Ол пиджак кимей, қарапайым киіммен қала көшелерін аралап, құрылысшылар мен шенеуніктерге көпшіліктің көзінше талап қойып жүр.

Бір ай - үлкен қорытынды жасауға аз, бірақ жаңа әкімнің алғашқы қадамдары қоғамда үлкен үміт тудырғаны анық.

Дереккөз: HALYQSTAN

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий