Абай облысында жоғалып кеткен сегіз жастағы бала құдықтан табылды
Абай облысының Чекоман ауылында із-түзсіз жоғалған 8 жастағы Райян бірнеше сағаттан кейін аман-есен табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Баланың жоғалғаны туралы хабар полицияға сол күні түскен. Ол соңғы рет сағат 14:30 шамасында көрінген. Іздестіру жұмыстарына ауыл тұрғындары, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылды.
Бейнебақылау камераларының көмегімен учаскелік полиция инспекторы Алмас Бесенбеков пен ауыл әкімі Данияр Айдарбаев баланың жүрген бағытын анықтаған. Нәтижесінде Райянның бірнеше сағат бойы құдықта болғаны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, бала бетон плитаның бір бөлігі құлап, пайда болған ойық арқылы абайсызда түсіп кеткен.
Бала дер кезінде құтқарылып, медициналық көмекке мұқтаж болмады. Анасы іздеу жұмыстарына қатысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.
Абай облысы Полиция департаменті тұрғындарды, әсіресе қыс мезгілінде, балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге және қауіпті учаскелер мен ашық инженерлік нысандар туралы дер кезінде хабарлауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар