«Әділет» партиясы әскерилердің отбасыларына көмекке 1,5 миллиард теңге жинады

25.09.2026 • 15:30 Қарақат АСЫЛОВА
«Әділет» партиясы әскерилердің отбасыларына көмекке 1,5 миллиард теңге жинады
295
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

«Әділет» партиясының мүшелері мен партияның Іскерлік кеңесі Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін 1,5 миллиард теңге жинады, деп хабарлайды Politico.kz.

Партияның хабарлауынша, қаражат «Ұлттық рух» ұйымына аударылады. Барлық жарна ерікті түрде берілген. Республикалық тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец 600 миллион теңге аударған.

«Alageum Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов пен «ВД-Строй Инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Еркін Оқасов 300 миллион теңгеден берген.

Елбегі Әбдиев, Қанат Ибраев, Мұрат Әмірин, Юлия Якупбаева, Серік Аманғалиев және Талғат Темірхановтың әрқайсысы 50 миллион теңгеден қосқан. Аталған азаматтардың бәрі партия мен Іскерлік кеңестің мүшелері.

Қаражат жинау жалғасып жатыр, оған партияның өзге мүшелері де атсалысуда. Партия марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығуына тілектестік білдірді.

Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқан әскерилердің отбасыларына арналған қосымша қаржылай көмекті жинауға «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігін жауапты етіп белгілеген.

Бұған дейін кәсіпкерлер мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 миллион теңге жинағаны хабарланды. Halyk 25 миллион теңге, ал Beles құрылыс компаниясы 100 миллион теңге бөлетінін мәлімдеді. Air Astana мен FlyArystan зардап шеккендердің жақын туыстарына тегін ұшу мүмкіндігін ұсынады.

Еске салайық, кеше, 24 қыркүйекте Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде ауа райы бұзылып, жел күшейгенде әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен. 14 адам қаза тауып, үшеуі құтқарылды.

Оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі бес лауазымды тұлғаның ұсталғанын хабарлады. Бүгін, 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.

Войдите, чтобы оставить комментарий