Әділетхан Молдахан ісі: прокурор соттан қандай жаза сұрады?

02.07.2026 13:39 Әсел МҰРАТ
Әділетхан Молдахан ісі: прокурор соттан қандай жаза сұрады?
174
Фото: әлеуметтік желіден

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видео жариялаған Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі аяқталуға жақын қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгін Алматының Алмалы аудандық сотында Әділетхан Молдахан ісі бойынша сот жарыссөзі өтті.

Жәбірленуші, Алматы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтыеша, прокурор сотталушыға көрінеу жалған ақпарат тарату айыбы бойынша 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Адвокаттың сөзінше, жәбірленушілер айыптау тарапының ұстанымын қолдап, соттан қосымша Молдаханға блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған.

«Жәбірленуші тараптың пікірінше, сотталушының әрекеті Ержан Ұзабаев пен Серік Шумаевқа моральдық әрі материалдық зиян келтіріп қана қоймай, ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіріп, қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сеніміне селкеу түсірді», – деді адвокат.

Айта кетейік, Серік Шумаев – Алматы әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы бастығы.

Журналист Руслан Өтепбайдың айтуынша, оған қылмысты ауырлататын мәнжайлар бойынша тағы бір бап қосылды. Ол – Қылмыстық кодекстің 54-бабыының 1-бөлігі 2-тармағы (қылмыстық құқық бұзушылық арқылы ауыр зардаптар келтiру). Не себепті екені белгісіз.

Бүгін соттағы жарыссөз аяқталды. Ертең сот үкімі жарияланады.

Еске салайық, көктемде кәсіпкер Александр Пак тізгіндеген Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен Mercedes-Benz автокөлігіне соғылып, салдарынан 3 адам ажал құшқан еді. Бұл оқиғадан кейін тергеуге қатысты негізсіз ақпарат таратқан Әділетхан Молдаханның үстінен қылмыстық іс қозғалып, заңгер наурыз айында қамауға алынды. Өткен сот отырысында ол өзіне тағылған айыппен толық келісетінін мәлімдеген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий