Африкадан келген қазақстандықтан қауіпті безгек анықталды
Елімізде шетелден жұқтырып әкелген безгек түрі тіркелді. Соңғы бес жыл ішінде елде сырттан келген безгектің 13 жағдайы анықталған, олардың басым бөлігі тропикалық түріне жатады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, соңғы жағдай биыл наурыз айында Алматыда Африкадан оралған әйелден анықталған.
«Эпидемиологиялық зерттеулер деректері көрсеткендей, тіркелген барлық жағдайларда науқастар безгек таралған елдерге сапар алдында химиопрофилактика жүргізбеген. Химиопрофилактика – бұл безгекке қарсы арнайы дәрілерді дәрігердің тағайындауымен қабылдау. Ол қауіпті аймақтарға барар алдында, сол елде болған кезде және қайтып келгеннен кейін белгілі бір уақыт бойы жүргізіледі. Бұл шара ауру жұқтырған маса шаққан жағдайда да аурудың дамуын болдырмайды», – дейді мамандар.
Ведомстоның мәліметінше, халықаралық туризмнің қарқынды дамуы және еңбек көші-қонының артқандықтан Қазақстанға тропикалық паразиттік ауруларды әкелу қаупі сақталып отыр. Сонымен қатар безгек ең қауіпті инфекциялардың бірі болып қала береді: дер кезінде анықталмаса және емделмесе, ауру ауыр асқынып, адам өліп кетуі мүмкін.
Жұқтыру қаупі ең жоғары аймақтар
Паразиттік аурулар бойынша ең қауіпті өңірлер:
- Африка елдері;
- Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері;
- Латын Америкасының бірқатар елдері.
Дәл осы аймақтарда безгек, ішек паразитоздары және басқа да тропикалық инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары.
Соңғы жаңалықтар