Әкесінің басына барып қайтқан жігіттің өлімі: үш адам сотталып жатыр
Әкесінің қабіріне барып, інісімен бірге үйіне қайтып келе жатқан 24 жастағы Жанасыл Сәрсенбай жолдағы жанжалдан кейін пышақ жарақатынан көз жұмған. Қазір Қаскелеңде осы іске қатысты үш жігіттің соты өтіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға мамырда Алматы облысы Талғар ауданының Нұра ауылында болған. Сотқа тартылғандардың жасы 19 бен 20-да, олардың біріне адам өлтірді, қалған екеуіне қылмысты жасырды деген айып тағылған. Сот ашық өтіп жатыр, алайда үшеуі де бет-жүзін көрсетуге қарсы болған.
Туыстарының айтуынша, ағайынды жігіттер зираттан қайтып келе жатқанда, ауылдастары көлікпен жолын бөгеген. Жанасыл белгі бергенімен, олар жолды босатпаған соң, жылдамдықпен айналып өткен. Тергеу нұсқасы бойынша, содан кейін үш жігіт ағайындыларды үйіне дейін қуып барған.
Сотта жауап бергендердің бірі Жанасылдың Елханға балағат сөз айтқан болуы мүмкін екенін жеткізді.
«Үйдің қасында көліктен тек Елхан түсті. Ол Жанасылға пышақ сұғып, кейін маған “Газды бас” деді. Пышақты көргенде есеңгіреп қалдым», деді ол.
Ал марқұмның інісі Еркебұлан Сәрсенбай көліктен үшеуі де түскенін айтып, ағасына ешқандай әңгімесіз шабуыл жасалғанын жеткізді.
«Мен жолаушы отыратын жақта тұрдым. Елхан ағамды екі пышақпен ұрды: алдымен оң қолымен, кейін сол қолымен», деді ол.
Прокурор Нұржан Дүйсекеевтің сөзінше, Күртібай Жанасылдың оң жақ бел тұсына, кейін ішінің төменгі сол жағына пышақ сұққан. Ал Жакелов пен Қаржаубай болған жағдайды көріп, оған жауапкершіліктен жалтаруға көмектескен деп айыпталып отыр.
Марқұмның анасы Алмагүл Нұргизат ұлының жараланғанын кіші баласынан естіп, сыртқа жүгіріп шыққанын айтты. Отбасы жедел жәрдем шақырып, кейін Жанасылды ауруханаға өздері жеткізген.
«Дәрігерлер ұлымның қайтыс болғанын айтты. Кешірмеймін. Үшеуі де өмірінің соңына дейін түрмеде отырсын», деді анасы.
Марқұмның отбасы 100 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Іс «Адам өлтіру» және «Қылмысты жасыру» баптары бойынша қаралып жатыр. Күдіктілер 6 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар