Өрттен бір отбасының үш қызы қаза тапты
Қырғызстанның Ош қаласында жеке тұрғын үйден шыққан алапат өрт салдарынан бір отбасының үш баласы көз жұмды. Балаларын жалын арасынан алып шықпақ болған әкесі ауыр күйік алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 15 қарашаға қараған түні Ош қаласындағы Уста Абдухалил көшесіндегі үйде болған. Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқару қызметіне хабарлама таңғы сағат 04:42-де түскен. Алайда туыстарының айтуынша, өрт сағат 04:00 шамасында басталған, яғни мамандарға шамамен 40 минуттан кейін ғана хабар берілген.
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сағат 05:20-да оқшаулап, 07:57-де толық сөндірді. Шамамен 120 шаршы метр аумақты шарпыған өрт орнын тексеру барысында 2013, 2016 және 2018 жылы туған (13, 10 және 8 жастағы) үш қыз баланың мәйіті табылды.
Алдын ала деректерге сүйенсек, ата-анасы үйдегі өзге екі баланы сыртқа алып шығып үлгерген. Ал қалған үш қызын құтқаруға ұмтылған отағасының денесінің шамамен 60 пайызын күйік шалып, ол Ош облыстық ауруханасына жатқызылды.
Болжам бойынша, өрттің шығуына асүйдегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы немесе электр жылытқышының ақауы себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар