Таиландқа барған қазақстандық белгілі дәрігер комаға түсіп қалды

Таиландқа барған қазақстандық белгілі дәрігер комаға түсіп қалды
Фото: astanatv.kz

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Таиландтың Пхукет аралында демалыс кезінде ауыр жарақат алған отандасымыз, еңбек сіңірген дәрігер Михаил Гниненконың жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Astana телеарнасының хабарлауынша, жарты ғасырдан астам уақытын ел халқының денсаулығын қорғауға арнаған елордалық дезинфекциялық станцияның бұрынғы бас дәрігері шетелдегі демалысының алғашқы күнінде-ақ бақытсыз жағдайға тап болған.

Оқыс оқиға 3 қарашада ерлі-зайыптылар Таиландқа ұшып келген бойда болған. Қонақүйге орналасқан соң, 79 жастағы Михаил Гниненко жұбайымен бірге жақын маңдағы дәмханаға түскі ас ішуге барған. Түстен кейін дәрігер сыртқа әйелінен бірнеше секунд бұрын шыққан.

«Артынан іле-шала сыртқа шыққанымда, бетон баспалдақтың жанына жиналған адамдарды және жерде жатқан күйеуімді көрдім. Ол жерде жұмсақ төсеніші жоқ алты бетон баспалдақ пен қатты бетон еден бар екен», – дейді дәрігердің жұбайы Валентина Борисовна.

Ауыр бас-сүйек ми жарақатын алған және миына қан құйылған қазақстандық азамат шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Жергілікті дәрігерлер оған күрделі нейрохирургиялық ота жасады. Ардагер дәрігер 13 қарашада өзінің 79 жасқа толған туған күнін аурухана палатасында – ес-түссіз күйде, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған қалпында қарсы алған.

Телеарна дерегінше, Михаил Гниненко – байырғы ақмолалық азамат. Ол елордалық дезинфекция қызметінің негізін қалап, аталған мекемені 20 жыл бойы басқарған. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағының иегері.

Қазіргі таңда науқастың еміне жұмсалатын қаражат мәселесі өзекті болып отыр. 10 мың доллар көлеміндегі сақтандыру лимиті жансақтау бөліміндегі алғашқы күндер мен отаға толық жұмсалып кеткен. Енді клиника 464 мың баттан астам (шамамен 6 миллион теңге) жаңа есепшот ұсынған.

Аталған жағдайға байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов пікір білдірді.

«Қазақстан дипломаттары Пхукет аралындағы ауруханада ем қабылдап жатқан Қазақстан азаматының туыстарына консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Емдеуші дәрігердің қорытындысы бойынша, қазіргі уақытта пациентті тасымалдау медициналық көрсеткіштерге байланысты қолайсыз. Жақын арада дипломаттардың науқастың туыстарымен және емдеуші дәрігермен кезекті кездесуі өтеді, онда пациентті Қазақстанға тасымалдау мүмкіндігі қайта талқыланады. Жағдай ҚР Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», – деді СІМ өкілі.


 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу