Сенаттан кеткен Мәулен Әшімбаев көпшілік алдына шықты: қазір қайда жүр?
Сенаттың экс-төрағасы Мәулен Әшімбаев бірнеше айлық үзілістен кейін көпшілік алдына шығып, бүгінде немен айналысып жүргенін айтты. Саясаткерді QogamNews тілшілері елордадағы ŞAM тәуелсіз театрының қойылымы кезінде жолықтырған, деп хабарлайды Politico.kz.
Спектакль аяқталған соң актерлермен жүздесіп, өнер ұжымына шығармашылық табыс тілеген Мәулен Әшімбаевқа журналистер қазіргі жұмысына қатысты сауал қойды.
«Мен енді халықтың ішіндемін. Өздеріңіз көріп жатырсыздар, күнде шараларға қатысып жатырмыз. Шетелге де барып, сол жақта шаралар өткізіп жатырмыз. Әрі қарай да елімізге, халқымызға қызмет етеміз деп сенемін», – деп қысқа қайырды бұрынғы спикер.
Дегенмен ол нақты қандай лауазымда немесе қай салада еңбек етіп жүргенін ашып айтпады.
Кейінірек Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында елордалық ŞAM тәуелсіз театрының «№37» қойылымын тамашалағанын жазып, спектакльден алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, бір отбасының тағдыры арқылы жақындар арасындағы сенім мен жауапкершілік мәселесін көтерген туынды көрерменге терең ой салады.
Сондай-ақ экс-спикер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ана тіліміздегі сапалы контентті арттыру жөніндегі бастамасына тоқталып, бұл бағытта театр мен киноның орны ерекше екенін атап өтті. Ол қазақ кәсіби театрының 100 жылдығы қарсаңында заманауи бағытта жұмыс істеп жатқан ŞAM ұжымының еңбегін жоғары бағалады.
Еске сала кетейік, Мәулен Әшімбаев 2020–2026 жылдар аралығында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы қызметін атқарған болатын.
Соңғы жаңалықтар