Миына ота жасалған ер адам екі жылдан бері адамдарды мысыққа ұқсатып көреді

Миына ота жасалған ер адам екі жылдан бері адамдарды мысыққа ұқсатып көреді
Фото: Cortex

АҚШ-та 28 жастағы ер адам миына жасалған отадан кейін адамдардың жүзінен өз мысығының бет-әлпетін көре бастаған, деп хабарлайды Politico.kz.

АҚШ-тың солтүстік-шығысында тұратын ер адам зерттеу материалдарында Карл деген атпен көрсетілген. Оның Луна есімді мысығы бар. Карл кейде көшеде кездескен адамдардың жүзінен осы мысығының бет-әлпетіне тән белгілерді көреді.

Бір қызығы, мұның керісінше болуы да мүмкін. Егер Карл таңертең алғаш болып адамның жүзін көрсе, сол адамның бет-әлпетіндегі белгілерді кейін мысығынан да, басқа адамдардан да байқай бастайды.

Бұл жағдай ер адамның миына ота жасалғаннан кейін басталған. Дәрігерлер оның миындағы қан тамырларының қалыптан тыс түйінделген бөлігін алып тастаған. Мұндай ақау миға қан құйылуына себеп болуы мүмкін. Ота кезінде мидың оң жақ самай бөлігінің бір бөлігі де алынған.

Ерекше жағдайды АҚШ-тағы Дартмут колледжі мен Brigham and Women's Hospital ауруханасының зерттеушілері зерттеген. Олардың жұмысы Cortex ғылыми журналында жарияланды.

Ғалымдардың айтуынша, Карл көретін өзгеше бейнелер бірнеше сағат бойы сақталады. Кейде бұл жағдай күні бойы жалғасады. Ең қызығы, ол адамның жүзінен мысықтың белгілерін бөлек көрмейді. Керісінше, олардың бәрі біртұтас бет-әлпет болып көрінеді. Адам қозғалғанда немесе алыстағанда да бейне соған сәйкес өзгеріп отырады.

Медицинада бұрын көрген бейненің кейін қайта пайда болуын немесе көз алдынан кетпеуін палинопсия деп атайды. Ал адамның бет-әлпеті бұрмаланып көрінетін жағдай прозопометаморфопсия деп аталады.

Дартмут колледжінің психологі әрі ми зерттеушісі Брэд Дюшеннің айтуынша, Карлдың жағдайы адам миының бет-әлпетті қалай қабылдайтынын түсінуге көмектеседі.

«Бұл жағдай ми бұрын есте сақталған жеке белгілерді қайта пайдаланып, адамның дәл қазір көріп тұрған бейнесіне әсер ете алатынын көрсетеді», – дейді ғалым.

Зерттеушілер Карлмен бірге жасанды интеллект көмегімен оның адамдарды қалай көретінін бейнелейтін сурет жасаған. Ғалымдардың пікірінше, мұндай технологиялар көру қабілетіндегі ерекше өзгерістерді зерттеуге мүмкіндік береді. Науқастар өздері көретін бейнені мамандарға дәлірек көрсете алады.

Бұған ұқсас жағдай медицинада бұрын да тіркелген. 1986 жылы Cortex журналында 58 жастағы әйел туралы зерттеу жарияланған. Ол автобуста келе жатып, жолаушылардың бірінің пудель тұқымды итін көрген. Кейін басқа жолаушыларға қарағанда, олардың бәрінің жүзі итке ұқсап кеткен.

Әйелдің миы инсульт салдарынан зақымданған. Осыдан кейін ол таныс адамдарды, тіпті өзінің пәтерін танудан қиналған.

Ғалымдардың назарын аударған тағы бір жайт бар. Екі жағдайда да адамдар жануарлардың белгілерін тек кісілердің жүзінен көрген. Ағаштар мен жиһаздардан мұндай өзгеріс байқалмаған.

Зерттеушілер мұны ми адамның бет-әлпетін басқа заттардан өзгеше қабылдайтынының бір дәлелі деп есептейді. Олардың айтуынша, ми көзге түскен бейнені сол күйінде қабылдап қана қоймай, оны бұрынғы естеліктермен де байланыстырады.

Ғалымдар мұндай құбылыстың нақты себебін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет екенін айтады. Олар жасанды интеллект көмегімен жасалатын шынайы бейнелер болашақта көру қабілетінің бұзылыстарын зерттеуде маңызды құралға айналады деп үміттенеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу