Әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен 11 жастағы бала 8 адамның өліміне себеп болды

02.07.2026 22:18 Қарақат АСЫЛОВА
Әкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен 11 жастағы бала 8 адамның өліміне себеп болды
383
11 жастағы бала жүргізген көлік 8 будда монахының өмірін қиды

Таиландтың солтүстік-шығысындағы Мукдахан провинциясында 11 жастағы баланың басқаруындағы пикап будда монахтарының тобына соғылып, салдарынан сегіз адам көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тағы 26 адам түрлі жарақат алды. Қайғылы оқиға таңертең болған. Полицияның мәліметінше, жол жиегімен жаяу қажылық жасап бара жатқан 34 будда монахын жоғары жылдамдықпен келе жатқан Isuzu маркалы пикап қағып кеткен.

Оқиға салдарынан сегіз монах оқиға орнында қаза тапты. Ауыр жарақат алған 14 адам ауруханаға жеткізілсе, қалған зардап шеккендерге медициналық көмек оқиға орнында көрсетілді.

Тергеу барысында көлікті 11 жастағы баланың басқарғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол әкесінің көлігін рұқсатсыз мініп, үйден кетіп қалған.

Кейін полиция қызметкерлері баланың әжесін тапқан. Оның айтуынша, немересінің ерекше білім беру қажеттіліктері бар. Сол күні таңертең бала өз бетінше көлікке отырып кетіп қалғаннан кейін, әжесі полицияға хабарласып, көлікті тоқтатуға көмек сұраған.

Тергеу мәліметінше, апатқа дейін пикап бақылау-өткізу бекетінен өтіп, Мукдахан қаласына қарай бағыт алған. Қайғылы оқиға осы жолда болған.

Полиция қызметкері Теера Каевнет алғашында жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінбегенін айтты.

«Алғашында мұны төтенше жағдайға арналған оқу-жаттығу шығар деп ойладым. Бірақ жақындағанда шынайы жол апаты болғанын түсіндім», – деді ол.

Белгілі болғандай, монахтар Убонратчатани провинциясынан Мукдахан провинциясына дейін жаяу қажылық жасап бара жатқан. Сапар барысында олар қасиетті орындарды аралап, қайырымдылыққа садақа жинаған.

Қазір Таиланд полициясы қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий