«Депутаттардың 70-80 пайызы ұйықтап отырады»: Саясаттанушы Парламентті сынға алды

02.07.2026 20:47 Қарақат АСЫЛОВА
«Депутаттардың 70-80 пайызы ұйықтап отырады»: Саясаттанушы Парламентті сынға алды
231
Видеодан кадр
Жанұзақ Әкім депутаттардың жұмысын қатаң сынға алды

Экономист, саясаттанушы Жанұзақ Әкім «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында Парламент жұмысы, демографиялық ахуал және елдің болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, Қазақстанда депутаттардың санын көбейтуден бұрын олардың сапасы мен белсенділігіне назар аудару қажет.

«Мәжіліс пен Сенаттағы сайланған депутаттардың 70-80 пайызы ұйықтап отырады. Екі-үш шақырылым бойы, яғни 15 жыл депутат болып, мінберден бірде-бір өзекті мәселе көтермеген халық қалаулылары болды. Белсенділігі нөлге тең мұндай тұлғалар алдағы уақытта да Парламентке өтіп кетуі мүмкін», – деді Жанұзақ Әкім.

Саясаттанушы мұндай жағдай елдегі нақты стратегиялық бағыттың әлсіздігін көрсететінін айтып, әсіресе демография мәселесіне ерекше назар аудару керектігін жеткізді.

Оның сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда өткен ғасырдағыдай аштық немесе жаппай қуғын-сүргін болмаса да, демографиялық құлдырау қаупі күшейіп келеді. Егер бұл мәселеге дер кезінде көңіл бөлінбесе, оның салдары ауыр болуы мүмкін.

Жанұзақ Әкімнің пікірінше, ресми құжаттарда Қазақстанды «қуатты орта мемлекет» ретінде дамыту мақсаты қойылғанымен, оған жету үшін ең алдымен демография мәселесін шешу қажет.

«Егер бұл мәселе шешілмесе, ғасыр соңына қарай Қазақстан орта мемлекет емес, халқы аз шағын мемлекеттердің қатарына қосылып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда еліміздің халықаралық саясаттағы ықпалы әлсірейді», – деді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы кез келген саяси партия демография мәселесін өзінің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастыруы тиіс екенін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий