Әкім қайда: Қарамағындағылар ұсталғаннан кейін Атырау қаласының басшысы неге көрінбей кеткені белгілі болды
Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуов ұсталғаннан кейін тұрғындар «қала басшысының өзі неге көпшілік алдында көрінбей кетті?» деген сұрақ қоя бастады, деп хабарлайды Politico.kz «Ақжайық» басылымына сілтеме жасап.
Мұндай жағдай бұған дейін де болған еді. Қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов пара алды деген күдікпен қолға түскенде де, қала әкімі ақпарат кеңістігінен біраз уақыт көрінбей қалған болатын. Бұл жайт ол кезде де қоғамда түрлі сұрақтар туғызған.
Жағдайды нақтылау үшін басылым редакциясы Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты.
«Әкім денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болғандықтан қызметінде болған жоқ. Қазір ол жұмысқа шықты және өз міндетін атқарып жатыр», — деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Редакция Шәкір Кейкиннің өзімен жеке байланыса алмады. Бұған дейін журналистердің қоңырау шалғанына үнемі жауап беретін әкім бұл жолы байланысқа шықпады.
Осы тұста әлеуметтік желіде және жарияланымдарға жазылған пікірлерде тұрғындар қала басшылығының саяси жауапкершілігі туралы мәселені көтеріп жатыр. Желі қолданушылары тікелей қарамағындағы қызметкерлері ұсталғаннан кейін әкім неге отставкаға кету мәселесін қарастырмайды деп сұрап жатыр.
Дегенмен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының жүргізілуі лауазымды тұлғаның кінәлі екенін білдірмейді. Соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіздік презумпциясы қолданылады. Сондықтан уәкілетті органдар тарапынан басқа шешім қабылданбаса, Шәкір Кейкин қала әкімі міндетін әрі қарай атқаруға құқылы.
Соңғы жаңалықтар