Әкімнің орынбасары қамауға алынды
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ұстады деген хабар тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
HALYQSTAN арнасының мәлімдеуінше, Мұсағазина Гүлбарам Ғизатқызы 11 ақпан күні кешке тергеуге шақырылғаннан кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қазіргі уақытта Мұсағазина жұмыс орнында жоқ және Астанаға жиынға барған облыс делегациясының құрамына да қосылмаған.
Бұл жағдай өңірдегі денсаулық сақтау саласында болған шулы іспен байланысты болуы мүмкін. Бұған дейін медициналық құрылғыларды тым қымбат бағамен сатып алып, бюджетке 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірді деген күдікпен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев пен оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев қамауға алынған еді», – деп жазды арна.
Еске салайық, 2025 жылдың соңында Гүлбарам Мұсағазина осы жемқорлық ісіне қатысы бар деп айыптаған блогер Николай Гиньятовты сотқа беріп, жеңіп шыққан болатын. Әзірге әкімдіктің ресми сайтында оның профилі өзгеріссіз тұр. Редакциямыз ақпараттың анық-қанығын білу үшін құзырлы органдарға ресми сауал жолдады.
Гүлбарам Ғизатқызы Мұсағазинаның жоғары білімі бар. 1997 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтын АӨК экономика және менеджмент мамандығы бойынша, 2003 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін Құқықтану мамандығы бойынша, 2020 жылы М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін экономика мамандығы бойынша (экономика ғылымдарының магистрі) тәмамдаған.
- Еңбек жолын 1997 жылдың тамыз айынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданының салық бөлімінің салық инспекторы болып бастады.
- 1999 жылдың қаңтарынан 2000 жылдың қазанына дейін Қостанай облысы Жітіқара ауданы Забеловка ауылының «Забеловка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есеп үстелінің бухгалтері болып жұмыс істеді.
- 2000 жылғы қазаннан 2010 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясының әртүрлі лауазымдарында жұмыс істеді.
- 2010 жылғы қаңтардан 2012 жылғы маусымға дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің аға прокуроры қызметін атқарды.
- 2012 жылғы маусымнан 2019 жылғы сәуірге дейін – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы қызметін атқарды.
- 2019 жылдың сәуірден 2024 жылғы шілдеге дейін - Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
- 2024 жылғы шілде айынан бастап қазіргі уақытқа дейін - Қостанай облысы әкімінің орынбасары.
Соңғы жаңалықтар