«Қатысым жоқ»: Давид Лория әкесіне қатысты дауға жауап берді

«Қатысым жоқ»: Давид Лория әкесіне қатысты дауға жауап берді
Фото: kazfootball.kz

«Жеңіс» футбол клубының бас директоры әрі Астана қаласы мәслихаты депутаттығына кандидат Давид Лория әкесі Григорий Лорияға қатысты тараған ақпаратқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол өзі сөз болған футбол клубтарының қызметіне және жарияланымдарда айтылған оқиғаларға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы қағидатын еске салып, адамның кінәсі сот тәртібімен дәлелденбейінше, оны кінәлі деп санауға болмайтынын атап өтті.

«Менің қаланы дамытуға, спорт инфрақұрылымын жақсартуға және бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған нақты жоспарларым бар. Өзгеріс туралы айтып қана қоймай, футболдың дамуына нақты үлес қосқым келеді», – деді Давид Лория.

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі Григорий Лорияны мемлекетаралық іздеуге жариялаған. Ол 414 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.

Тергеу мәліметінше, 2023 жылы футбол клубын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. Күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттар арқылы қаражатты жеке шоттарға аударуды ұйымдастырған деген болжам бар.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу