Оқушыларға зорлық-зомбылық пен құмар ойын сайттары қолжетімді болған: Қостанай мектептерінде шу шықты
Қостанай облысында мектеп оқушыларының жеке деректері ата-аналарының келісімінсіз бөгде ұйымдарға берілген, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұдан бөлек, білім беру мекемелерінде балалардың зорлық-зомбылықты насихаттайтын және құмар ойындарға қатысты сайттарға кіруіне шектеу қойылмаған. Заңбұзушылықтарды Ұзынкөл ауданында жүргізілген прокурорлық тексеру анықтады.
Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, ауданның екі мектебіндегі жауапты қызметкерлер оқушылардың жеке мәліметтерін олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімінсіз қызмет көрсететін ұйымдарға берген. Алайда қандай деректердің тапсырылғаны және ақпаратты нақты қай ұйымдар алғаны жарияланған жоқ.
Тексеру барысында тағы бір өрескел заңбұзушылық белгілі болды. Мектептердің бірінің ресми сайтында кәмелетке толмаған балаларға қатысты жеке мәліметтер жазылған құжаттар ашық түрде орналастырылған. Осылайша, құпия сақталуы тиіс ақпаратқа кез келген интернет пайдаланушысының қол жеткізуіне мүмкіндік болған.
Сонымен қатар, мектептердегі интернет желісінде балаларға арналған контентті сүзу жүйесі тиісті деңгейде жұмыс істемеген. Соның салдарынан оқушылар зорлық-зомбылықты насихаттайтын және құмар ойындарға қатысты сайттарға кіре алған.
Анықталған деректер бойынша білім беру мекемелерінің бірінің басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабының 2-бөлігімен жауапқа тартылды. Аталған бап жеке деректерді жинау, өңдеу және қорғау талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейді.
Прокуратураның араласуынан кейін анықталған заңбұзушылықтар жойылған. Ал балалардың құқықтары мен мектептердегі ақпараттық қауіпсіздіктің сақталуына қатысты бақылау жалғасады.
Соңғы жаңалықтар