ҚазҰУ студентінің жұмбақ өлімі: Министр ҚазҰУ-дағы қайғылы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қаза тапқан бірінші курс студентінің өліміне қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министр бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Оның сөзінше, қайғылы жағдайдан кейін университет өкілдері марқұмның қамқоршыларымен және әкесімен бірден байланысқа шыққан. Сондай-ақ оқу орны жерлеуге және өзге де қажетті шығындарды толық өз мойнына алған.
Саясат Нұрбек университет тарапынан көрсетілуі тиіс көмектің барлығы жасалғанын жеткізді. Қазіргі уақытта марқұмның жақындарымен байланыс үзілмеген.
Министр тергеу жұмыстарына қатысты ақпаратты сотқа дейін жариялауға болмайтынын атап өтті.
Еске салайық, 6 қараша күні кешкі уақытта ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған еді. БАҚ мәліметінше, ол Алматыға Шымкент қаласынан оқуға келген. Аталған оқиға бойынша Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар