ҰҚК «Еңбек» кәсіпорнының басшыларына қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды Politico.kz.
ҰҚК бұл туралы редакциямыздың сауалына берген жауабында мәлімдеді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта.
Еске салайық, бұған дейін «Еңбек» кәсіпорнының екі басшысы жемқорлық күдігімен ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Дереккөздің мәліметінше, 5 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ермек Шұрманов пен кәсіпорынның тамақтандыру басқармасының басшысы Фуркат Худайбергеновті ұстаған.
Ақпарат көзінің айтуынша, екі басшы да өздерінің қызметтік кабинеттерінде ұсталған. Оларға сотталғандар үшін азық-түлік сатып алу және жеткізу кезінде жемқорлық жасады деген күдік келтіріліп отыр.
Соңғы жаңалықтар