Мәскеуде Тоқаевтың қатысуымен ҰҚШҰ басшыларының отырысы басталды

Мәскеуде Тоқаевтың қатысуымен ҰҚШҰ басшыларының отырысы басталды
Фото: Ақорда

Мәскеудегі Үлкен Кремль сарайында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды. Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Кремльдің хабарлауынша, кездесу Үлкен Кремль сарайының Андреев залында Ресей президенті Владимир Путиннің төрағалығымен өтіп жатыр.

Отырысқа Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысуда.

Алдымен мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізеді. Одан кейін кеңейтілген құрамдағы отырыс өтеді.

Кремльдің бұған дейінгі мәліметінше, жиында ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жолдары, сондай-ақ халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер талқылануы тиіс.

Кездесу қорытындысы бойынша бірнеше көпжақты құжатқа қол қою жоспарланған. Олардың арасында қорытынды декларация мен Ресейдің бастамасымен әзірленген ҰҚШҰ-ның 2030 жылға дейінгі терроризмге қарсы стратегиясы бар.

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ұйымға төрағалық ету құқығын Ресейден Тәжікстанға беру туралы шешім қабылдау көзделген.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қарашада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысу үшін Мәскеуге барған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу