Әлемге танылған қазақ математигі Санжар Аспандияров қайтыс болды
Халықаралық деңгейдегі белгілі математик әрі қаржыгер Санжар Аспандияров өмірден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның қазасы туралы ақпаратты қазақстандық қоғам белсенділері мен әріптестері растады. Олардың айтуынша, Санжар Аспандияровтың таланты шетелде жоғары бағаланғанымен, Қазақстанда толық сұранысқа ие бола алмаған.
Белгілі алматылық белсенді Ерлан Қуаныштың сөзінше, Санжар Серікұлы ықтималдық теориясы бойынша көптеген ғылыми еңбектің авторы болған. Ол бес шет тілін меңгеріп, Жапониядан АҚШ-қа дейінгі халықаралық ғылыми гранттардың иегері атанған.
Соңғы жылдары Лондонда тұрған ғалым өз өсиетіне сәйкес Алматыда жерленді. Сонымен қатар, жақын уақытта оның еуропалық математиктермен бірге жазған ғылыми еңбегі жарық көрмек. Айтуларынша, зерттеу жұмысының үштен екі бөлігі Санжар Аспандияровқа тиесілі.
Қаржыгер, Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ораз Жандосовтың мәліметінше, Санжар Аспандияров 1968 жылы 10 ақпанда ғылым мен білімді жоғары бағалаған отбасында дүниеге келген. Оның атасы Билял Аспандияров тарихшы, лингвист әрі ағартушы болса, әкесі Серік Аспандияров танымал физик-ғалым болған.
Санжар Аспандияров Алматыдағы №56 мектепті небәрі 14 жасында тәмамдаған. Ал 15 жасында оның математикалық дарыны туралы деректі фильм түсірілген. Жоғары білімді ол Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде алып, оны үздік аяқтаған. Кейін Франциядағы École normale supérieure докторантурасында білімін жалғастырып, Сорбоннада докторлық диссертация қорғаған алғашқы қазақ атанды.
Ғалым кейін Сорбонна университетінде дәріс оқып, аталған оқу орнында лекция жүргізген алғашқы қазақстандық болды.
Сондай-ақ Санжар Аспандияров әлемдегі ірі қаржы ұйымдары — Credit Suisse пен Citigroup компанияларында қызмет атқарған. Әріптестерінің айтуынша, оған терең білім мен стратегиялық ойлауды қажет ететін ең күрделі міндеттер сеніп тапсырылған.
Соңғы жаңалықтар