Әл-Фарабидегі жол апаты: полиция бастығының экс-орынбасарының жүргізушісіне үкім шықты
Алматыда полиция департаменті басшысының экс-орынбасарының жүргізушісіне Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Прокурор полицейге жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраса, адвокаттар оны ақтауды талап еткен.
Судья Құсайынов Алматыдағы «Әл-Фараби» даңғылында болған адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты полицей Ә.Ж.-ны кінәлі деп таныды. Ол ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін сот сотталушының анкеталық деректері мен суретін жариялауға тыйым салған. Сондықтан оның тек инициалдарын көрсетіп отырмыз.
Әсет Жақсылықовқа өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, полиция сержанты атағынан айырылды. Жазаны өтеу мерзіміне қамауда болған уақыты есептеледі.
Сонымен қатар сот одан жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 86 500 теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сондай-ақ полиция сержанты атағынан айырылды.
Ә.Ж. Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі болған. Оған қызметтегі әрекетсіздігі ауыр зардаптарға әкеп соқты деген айып тағылды.
Айыптау нұсқасына сәйкес, жол апаты болған түні Ә.Ж. Александр Пакпен бірге мейрамханада болған және оның алкоголь ішкенін білген. Прокурордың айтуынша, полицей Пактың көлік жүргізуіне кедергі келтірмеген. Кейін оның қауіпті көлік жүргізгенін көрсе де, тоқтатпаған әрі бұл туралы әріптестеріне хабарламаған.
Мемлекеттік айыптаушы сот жарыссөзінде Ә.Ж.-ға жеті жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қорғау тарапы айыптау Ә.Ж.-ның Пакты тоқтатуға міндетті болған нақты қызметтік міндетін және оның әрекеті жол апатымен қалай байланысты екенін дәлелдей алмағанын алға тартты.
Адвокат сотталушыны ақтауды сұрады. Егер сот бұл талапты қанағаттандырмаса, айыпты салғырттық бабына қайта саралап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді. Ә.Ж. соңғы сөзінде де өзін бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Оқиға қалай болған?
2026 жылы 21 наурызға қараған түні Александр Пак басқарған Zeekr автокөлігі Әл-Фараби»даңғылында қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан.
Жол апатынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы қаза тапты.
Жол апатының өзіне қатысты іс бойынша сот Пакты он жылға бас бостандығынан айырды. Ал Ә. Ж.-ға қатысты іс бөлек қаралды.
Соңғы жаңалықтар