Аляскада Трамп пен Путиннің шешуші кездесуі өтеді

Аляскада Трамп пен Путиннің шешуші кездесуі өтеді
14.08.2025 14:50
0
222
Коллаж: POLITICO.KZ

Ертең, 15 тамызда Алясканың Анкоридж қаласында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин арасында әлем назарын аударған кездесу өтеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Қазақстан уақытымен 16 тамызға қараған түні, сағат 00:30-да басталатын саммиттің басты тақырыбы – Украинадағы соғысты тоқтату болмақ. Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, келіссөздер барысында Ақ үй Ресейге Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтатудың бағасы ретінде Аляска мен Украинаның басып алынған аумақтарындағы табиғи ресурстарға қол жеткізуді ұсынуы және де кейбір салынған санкциялар алынып тасталуы мүмкін.

Кездесу жоғары қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Эльмендорф-Ричардсон біріккен әскери базасында өтеді. Алдымен екі ел басшылары аудармашылардың қатысуымен жеке кездеседі. Одан кейін «5-ке 5» форматында делегациялардың кеңейтілген отырысы жоспарланған. Ресей делегациясының құрамына СІМ басшысы Сергей Лавров, президент көмекшісі Юрий Ушаков, экономикалық блок жетекшісі Андрей Белоусов, қаржы министрі Антон Силуанов және Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев кіреді. АҚШ тарапынан, БАҚ мәліметінше, мемлекеттік хатшы Марко Рубио, арнайы өкіл Стив Уиткофф, вице-президент Дж.Д. Вэнс және Украина бойынша арнайы өкіл Кит Келлогг қатысады. Flightradar сервисінің дерегінше, ресейлік делегация мүшелері мінген RA-96023 нөмірлі арнайы борт қазірдің өзінде Мәскеуден Анкориджге бет алған.

The Telegraph басылымының ақпаратына сәйкес, саммиттің негізгі интригасы – Дональд Трамптың ықтимал ұсыныстары. Ол Владимир Путинге Украинадағы соғысты тоқтату үшін Аляскадағы мұнай, газ және сирек кездесетін металл кен орындарына қол жеткізуді ұсынуы мүмкін. Сонымен қатар, Ресейдің авиация өнеркәсібіне салынған санкцияларды алып тастау және бірқатар экспорттық шектеулердің күшін жою мәселелері қарастырылуда. Сарапшылардың пікірінше, Украина аумағындағы литийдің әлемдік қорының 10%-ға жуығы орналасқан, ал оның екі ірі кен орны қазір Ресей әскерінің бақылауындағы аумақтарда жатыр, бұл мәселе де келіссөздердің маңызды бөлігі болуы ықтимал.

Бұл Владимир Путиннің 2007 жылдан бері АҚШ жерінде Америка президентімен өткізетін алғашқы кездесуі болғандықтан, оның тарихи маңызы зор. Саммит Украинадағы қақтығысты реттеудегі маңызды қадам ретінде бағаланғанымен, оның түпкілікті нәтижелері келіссөздер аяқталғаннан кейін және Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен өтуі мүмкін екінші саммиттен соң ғана белгілі болады.

Айта кетейік, Украина президенті Владимир Зеленский Аляскадағы саммитке шақырылмаған. АҚШ және Ресей арасындағы кездесу Трамп пен Путиннің бастамасы бойынша ұйымдастырылған және бастапқы мақсат — тараптар арасындағы тікелей келіссөздер. Зеленскийдің қатыспауы Украина тарапынан кейбір сын мен алаңдаушылық туғызды, себебі халықаралық қауымдастық Украинаның қатысуынсыз шешімдер нақты бейбітшілікке әкелмейді деп есептейді. Дегенмен, Трамп кездесулер нәтижелі болса, Зеленский қатысатын екінші саммиттің болуы мүмкін екенін айтты.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий