"Темекімен күйдіріп, суға батырған": Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрлап, азаптаған

05.09.2025 17:31
0
326

16 жастағы қызды азаптап, видеоға түсірген әйелдер тұтқындалды, деп хабарлайды Tengrinews.

3 қыркүйекте әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы облысында кәмелетке толмаған қызды екі әйелдің ұрлап алуы туралы ақпарат тараған еді.

Дереккөзге сәйкес, екі әйел 16 жастағы қызды үйінен шығарып алып, ұрлап кеткен.

Алматы облысы полиция департаменті бұл фактіні растап, күдіктілердің ұсталғанын және қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Полиция кәмелетке толмаған қызға дене жарақаты және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Екі күдікті әйел де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады департамент.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, оқиғаға әйелдің қызғанышы себеп болған. Мәлім болғандай, мектеп оқушысы жоғары оқу орнына түсу мәселесін талқылау үшін бір ер адаммен телефон нөмірімен алмасқан. Кейінірек сол ер адам қызға бейнеқоңырау арқылы хабарласқан.

Көп ұзамай жасөспірімге өзін әлгі ер адамның қалыңдығымын деп таныстырған бейтаныс әйел қоңырау шалған. Ол қыздан жігітпен араласпауын және оның нөмірін бұғаттап, растау үшін скриншот жіберуді талап еткен. Қыз айтылған талаптарды орындаған.

Алайда, келесі күні күдікті құрбысымен бірге мектеп оқушысының үйіне көлікпен келіп, сөйлесуге шақырған. Олар қызды көлікке отырғызған соң, оның телефонын тексеріп, соққыға жыққан.

Бұдан кейін күдіктілер жасөспірімді өзен жағасындағы адам жоқ жерге апарып, темекі тұқылымен күйдірген. Олар жәбірленушіні ұрып-соғып, басын бірнеше рет суға батырған және аяқ киімін сүюге мәжбүрлеген. Бұл әрекеттердің барлығын күдіктінің құрбысы видеоға түсіріп отырған. Оқиға соңында олар жәбірленушіге таяқ қолданып, зорлық-зомбылық көрсеткен.

Осыдан кейін әйелдер қызды үйіне жеткізіп, егер болған жайды біреуге айтатын болса, видеоны оның таныстарына тарататынын айтып қорқытқан.

Бастапқыда қорыққан қыз болған оқиғаның жай-жапсарын жасырып, тек таяқ жегенін айтқан. Кейін ол басынан өткен жайттардың бәрін анасына айтып берген. Сол күні жәбірленушінің анасы полицияға арыз жазған.

Күдіктілер 1996 жылы туған әйелдер. Дереккөздердің мәліметінше, олардың бірі ауылдық округ әкімдігі аппаратында компьютерлік жүйелер операторы болып жұмыс істейді.

Tengrinews тілшілері Алматы облысы әкімдігіне осы ақпаратты растауын немесе теріске шығаруын сұрайтын ресми өтініш жіберді.

Фото: Tengrinews

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий