Алматы облысында егіз босанған 40-тағы ана көз жұмды

06.07.2026 10:23 Қарақат АСЫЛОВА
Алматы облысында егіз босанған 40-тағы ана көз жұмды
560

Алматы облысында 40 жастағы келіншек егіздерін дүниеге әкелген соң ауруханада көз жұмды. Жүктіліктің сегізінші айында оған кесір тілігі жасалып, ота сәтті өткенімен, артынша науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Бұл туралы КТК телеарнасы мәлім етті, деп жазады Politico.kz.

Қайғылы оқиғадан кейін марқұм Қарлығаш Отарбаеваның туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Олардың сөзіне қарағанда, әйел ауруханаға өз аяғымен барған және отаға дейін жақындарымен телефон арқылы сөйлесіп үлгерген.

"Егер шын дәрігер болса, әділетті болса, менің қызым тірі жүрер еді. Аман-есен болар еді. Сол дәрігерлердің кесірінен деп есептеймін. Әп-әйбат, дауысын өздеріңіз де естіп отырсыздар, бәрі әйбәт, суреті де әйбәт болатын. Не жағдай болды?!", – дейді марқұмның әкесі Бекмұрат Отарбаев.

Марқұмның жақындары науқасты басқа перзентханаға апаруды жоспарлағанын айтады. Туыстарының мәліметінше, дәрігерлер оларға ескертпестен ота жасауға кірісіп кеткен.

"Аяғымен күліп барған адам ғой. Жүктілікті сақтап қалуға деп барған. Кесір тілігімен босандырып алды. Негізі басқа жерде босандырамыз деп отырғанбыз. Енді өзім ойлаймын, ол жерде сұрау керек еді ғой. Осы жерде босанасың ба, әлде басқа перзентханада ма деп, мүмкін келісілген басқа ауруханаң бар шығар, басқа дәрігерге баратын шығарсың деген сияқты. Біз кесір тілігін жасағаннан кейін біліп тұрмыз", – дейді марқұмның туысы Гүлсім Қасабекова.

Ал Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының өкілдері келіншектің ауыр жағдайда жеткізілгенін алға тартты. Медицина қызметкерлері науқастың өліміне аяқасты жүрегінің тоқтауы себеп болған деп отыр.

"Науқастың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келген барлық медициналық шара жасалды. Біздің клиникалық диагнозымыз бойынша, жүректің тоқтауына өкпе артериясының тромбоэмболиясы себеп болған. Дегенмен бұл жағдайға байланысты ауруханада ішкі қызметтік тексеріс жүргізіледі", – дейді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлнұр Кенжебекова.

Марқұмның артында үш қызы қалған. Жаңа туған егіздер қазір сол анасы көз жұмған ауруханада, дәрігерлер олардың жағдайын қалыпты деп бағалады.

Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу жұмыстары басталды. Марқұмның отбасы кінәлілердің тиісті жазасын алғанын талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий