Алматы облысында екі баланы қағып кеткен жүргізуші ұсталды
Алматы облысында балмұздақ жеп отырған екі баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен 65 жастағы жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға облысқа қарасты Абай ауылының Тәуелсіздік көшесінде, «Жаныс» дүкенінің алдында болған. Жол жиегінде балмұздақ жеп отырған 2012 және 2014 жылғы екі баланы көлік басып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккендерді көк немесе қара түсті Chevrolet Cobalt маркалы автокөлігі қағып, артынша көмек көрсетпестен оқиға орнынан бой тасалаған.
Кәмелетке толмаған балаларды көлікпен қағып кету фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде оқиға орнынан қашып кеткен 65 жастағы жүргізуші анықталып, қолға түсті. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның толық әрі объективті мән-жайын анықтау мақсатында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Істің тергелу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауына алынды. Балалардың қазіргі денсаулық жағдайы жайлы ақпарат әзірге нақтыланбады.
Соңғы жаңалықтар