Қазақстанда жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлем 346,5 мың теңгеге дейін өседі

Қазақстанда жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлем 346,5 мың теңгеге дейін өседі
Фото: pixabay

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылу жағдайына байланысты берілетін әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгереді. Енді жәрдемақының ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды, ал төлем мерзімі азаматтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай белгіленеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа ережеге сәйкес, жұмыссыз қалған азамат алдымен мансап орталығына жүгінуі тиіс. Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қазанынан бастап «жұмыс іздеуші» мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнтізбелік күнге дейін ұзартылған. Осы уақыт аралығында орталық мамандары бос жұмыс орындарын ұсынып, қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен сұхбаттасу ұйымдастырады.

Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде «жұмыссыз» мәртебесі беріледі. Бұдан кейін де мансап орталығы бос орындарды іздестіруді жалғастырып, қажеттілікке қарай қысқамерзімді оқыту курстарына жолдама бере алады.

Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік төлемге өтінішті eGov.kz порталы, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы, банктердің мобильді қосымшалары, SMS-хабарлама, мансап орталығы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшелері арқылы тапсыруға болады.

2027 жылдан бастап төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімге тағайындалады. Оның көлемі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды, бірақ жеті ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Соның нәтижесінде әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге жетпек. Бұл төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ғана беріледі.

Сондай-ақ бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға жұмыс табуға көмектесу үшін жасанды интеллект жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Жаңа жүйе үміткерлердің дағдылары, тәжірибесі мен кәсіби қызығушылықтарын ескере отырып, сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктейтін болады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу