Жабық сот: Қазақстанда тыңшылық жасады деген өзбек профессоры сотталды

Жабық сот: Қазақстанда тыңшылық жасады деген өзбек профессоры сотталды
Фото: azertag.az

Қазақстанда Өзбекстан азаматы, профессор Икболжон Корабоев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол тыңшылық жасады деп айыпталған. Бұл туралы 19 қарашада ғалымның туыстары «Азаттық Азияға» айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Туыстарының мәліметінше, 46 жастағы Корабоевқа қатысты сот процесі жабық режимде өткен. Бұған іс материалдарында құпия ақпараттың болуы себеп болған. Бір қызығы, ғалымның отбасы сот үкімі шыққанын ресми органдардан емес, өз дереккөздері арқылы білген.

Еске салайық, профессор 2026 жылы 3 шілдеде Астанада ұсталған. Ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы, яғни «Тыңшылық» бойынша айып тағылған. Бұл бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алайда Қазақстанның құзырлы органдары профессорға қатысты тергеу мен сот үкіміне әзірге түсініктеме берген жоқ. Оның нақты қандай әрекеттері тыңшылық ретінде бағаланғаны да жарияланбаған.

Ғалымның отбасына іс материалдары көрсетілмеген

Корабоевтың туыстары оның ұсталғаннан кейін отбасымен байланысу мүмкіндігі шектелгенін айтады. Үш баласына әкесімен бейнебайланыс арқылы аз уақыт қана сөйлесуге рұқсат берілген.

Отбасы мен әріптестері профессордың ғылыми қызметіне де назар аударып отыр. Ол аймақтық интеграция, геоэкономика және Орталық Азияның стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстарын зерттеген. Әріптестерінің айтуынша, ғалым ғылыми еңбектерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған.

Туыстарының сөзінше, осы уақытқа дейін оларға тергеу және сот материалдарымен танысуға, тіпті үкімнің көшірмесін алуға мүмкіндік берілмеген. Сұратқан ақпараттарының барлығына дерлік «аса құпия» деген белгі қойылған.

Сондай-ақ отбасы профессордың қай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеді деп айыпталғанын және сотта қандай дәлелдер ұсынылғанын білмейді.

«Бізге тергеудің барысы мен нәтижелері туралы ақпарат берілген жоқ. Айыптауға қатысты нақты материалдар мен дәлелдер қолымызға тиген жоқ», – деді ғалымның туыстарының бірі.

Ол қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін жарияламауды сұраған.

Туыстары Қазақстан билігіне қайта-қайта өтініш жасаған

Ғалымның отбасы Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, омбудсменге және құқық қорғау ұйымдарына бірнеше рет өтініш жолдаған. Алайда олардың айтуынша, мемлекеттік органдардан нақты жауап ала алмаған.

ҰҚК басшылығы ауысқаннан кейін де туыстары комитеттің жаңа басшылығына, мемлекет басшысы мен Бас прокурорға қайта жүгінген.

Қазір олар сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, профессордың толық ақталуына қол жеткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар тергеу және сот материалдарын беруді, Корабоевты университеттегі бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды, еңбек құқықтарын қалпына келтіруді және оның іскерлік беделін ақтауды талап етеді.

«Бауырлас елдер арасында мұндай жағдай қалай болуы мүмкін?»

Ғалымның туыстары әріптестерін, достарын және қоғамды оның тағдырына бейжай қарамауға шақырды. Сондай-ақ Қазақстан билігіне істі қайта қарау жөнінде өтініш білдіруді сұраған.

«Өзбекстан мен Қазақстан сияқты бауырлас екі мемлекет арасында мұндай жағдай қалай болуы мүмкін? Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Көршілес әрі достас елміз, ортақ тарихымыз бен тығыз бауырластық байланыстарымыз бар. Франция Бельгия азаматын тыңшылық жасады деп ұстап, соттады деп елестетуге бола ма? Біз де бауырлас халықпыз. Арамызда сенім, өзара құрмет пен әділдік болуы керек», – деді профессордың туыстарының бірі.

Айта кетейік, Қазақстанның ресми органдары Икболжон Корабоевқа қатысты шығарылған үкімге әзірге пікір білдірген жоқ. Өзбекстан билігі де бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымын жарияламаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу