Алматыда қызды ұрған жігіт ұсталды (ВИДЕО)

Алматыда қызды ұрған жігіт ұсталды (ВИДЕО)
Коллаж: Politico.kz

Алматыда әріптесінен соққы жегенін айтқан қыз полицияның әрекетсіздігіне шағымданды. Алайда полиция қылмыстық іс қозғалғанын және 19 жастағы күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар бейнежазбадан қыздың өзі де қол көтергені анықталған, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода қыз өзін спорт шебері атағы бар әріптесі ұрғанын айтады. Кадрлардан оның көзі көгергенін байқауға болады. Қыздың сөзінше, ауруханада оған миы шайқалған деген диагноз қойылған. Сондай-ақ көру қабілеті нашарлап, өзін жайсыз сезініп жүргенін жеткізген.

Ол полиция бастапқыда арызын қабылдағысы келмегенін айтады. Кейін eOtinish арқылы шағым жолдағанымен, ешкім хабарласпаған. Қыз күдіктінің ықпалды таныстарымен мақтанғанын айтып, істің жабылып қалуынан қорқатынын жеткізді.

Ал Алматы қалалық Полиция департаменті оқиға құрылыс дүкенінде болғанын хабарлады.

«Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 19 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді полиция.

Тергеу барысында дүкендегі бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілген. Полицияның мәліметінше, видеодан қыздың да әріптесіне қол көтергені анықталған. Енді оның әрекетіне де құқықтық баға беріледі.

Сондай-ақ полиция қылмыстық іс тіркелмегені және сот-медициналық сараптама тағайындалмағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу