Мемлекетке қайтарылған Назарбаевтың зауыты сатылымға шықты
Алматы облысында марқұм Болат Назарбаевқа тиесілі болған арақ-шарап зауыты 739 млн теңгеге сатылымға шығарылды. Бұған дейін мемлекетке қайтарылған кәсіпорын 8 желтоқсанда аукционға қойылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Зауыт Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында орналасқан. Сауда 8 желтоқсанда сағат 10:00-де бағаны көтеру әдісімен өтеді.
Сатылымға 2,36 гектар жер телімі мен жалпы ауданы 7 245 шаршы метр болатын 15 жылжымайтын мүлік нысаны шығарылған. Олардың ішінде ауданы 2 641 шаршы метр негізгі өндірістік цех, ыдыс және механикалық цехтар, шарап, көкөніс және материалдық қоймалар, екі бастырма бар. Сондай-ақ әкімшілік ғимарат, бақылау-өткізу пункті, қазандық, ұңғыма, сорғы станциясы және су салқындататын қондырғы кіреді.
Тексеру актісінде кәсіпорынның жолға жақын орналасқаны, экологиялық жағдайы жақсы әрі көлік қатынасы қанағаттанарлық екені көрсетілген.
Зауыттың бұрынғы иесі кім болған?
Кәсіпорын бастапқыда «Азер-лтд» деп аталған. 2004 жылы атауы «БН Винзавод» болып өзгерген. Сол кезеңде серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев болған. Компания атауындағы «БН» әріптері оның аты-жөнінен алынған болуы мүмкін. Мұндай қысқарту Назарбаевқа қатысы бар басқа компаниялардың атауында да кездеседі.
2016 жылы зауыттың иесі Ғабит Тұлтаев болып, компания атауы «Талғар Винзавод» деп өзгертілген. Негізгі қызметі де спиртті ішімдіктер өндіруден алкогольсіз сусындар мен минералды су шығаруға ауыстырылған.
Алайда Tengrinews.kz мәліметінше, Тұлтаевтың Болат Назарбаевтың басқа да кәсіпорындарына қатысы бар. Kompra.kz дерегіне сәйкес, ол қазір Назарбаевқа бұрын тиесілі болған тағы екі компанияны басқарады. Олардың бірінің атауында әлі күнге дейін «БН» қысқартуы сақталған. Басылым Тұлтаевтың компанияның қағаз жүзіндегі құрылтайшысы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Бұған дейін БАҚ зауыт орналасқан шамамен 2,3 гектар жер Болат Назарбаевтың ұлы Нұрболға тиесілі «Prime Capital Re Ushkonyr» ЖШС-нің меншігінде болғанын жазған. Бұл компания мен зауыттың заңды мекенжайлары бірдей.
Қазір кадастрлық карта бойынша жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал зауыт «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-нің иелігінде.
Компанияның есепшоттары бұғатталған
Kompra.kz мәліметінше, Болат Назарбаев құрылтайшылар қатарынан шықпай тұрып, 2015 жылдан бастап компанияның табысы мен салық төлемдері күрт азайған. Иесі ауысқаннан кейін салық аударымдары тоқтаған. Сервисте компанияның қызметіне қатысты деректер 2020 жылға дейін ғана көрсетілген.
Қазір серіктестік жұмыс істемейтін кәсіпорын ретінде тіркелген. Оның банк шоттары мен мүлкі бұғатталып, нотариалдық әрекеттер жасауына тыйым салынған. Атқарушылық іс те қозғалған. Құрылтайшының да шоттары бұғатталып, Қазақстаннан шығуына шектеу қойылған.
2019 жылы «Қазақтелеком» онлайн-касса қызметі үшін «БН Винзаводтан» 12 360 теңге өндіріп алған. Сот істі тараптарды шақырмай, оңайлатылған тәртіппен қараған. Қазір осы сома компанияның атқарушылық іс бойынша қарызы ретінде көрсетілген.
Соңғы жаңалықтар