Бектенов Ақтөбедегі екі зауытты аралады
Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты мен жүн өңдейтін KazFeltec кәсіпорнының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Politico.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің мәліметінше, биылғы 10 айда өңірдің негізгі капиталына салынған инвестиция 8,2%-ға өсіп, 1 трлн теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестиция екі есеге артып, $357,2 млн-ға жетті. Өңірде энергетика, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа салаларда жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ 400 млрд теңге инвестиция тартып, 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі қарастырылуда.
Бектенов барған Қазақстандық мұнай жабдықтары зауытына 7,4 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын жылына 100–120 мың тонна өнім шығарады. Олардың қатарында сорғы-компрессорлық және шегендеу құбырлары, субұрқақ арматурасы, ысырмалар, жылу алмастырғыштар және өзге де мұнай-газ жабдықтары бар.
Биылғы тоғыз айда шегендеу құбырларының өндірісі 31,4%-ға өсіп, 14,1 мың тоннаға жетті. Басқа мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының көлемі 7,4 мың тоннаға дейін артқан. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 179 тонна болған. Зауыт өнімдері ішкі нарыққа бағытталған және импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын 2027 жылы 700 млн теңгеге төртінші цех ашуды жоспарлап отыр. Онда орта және жоғары қысымға арналған клапандар мен ысырмалар шығарылады. Бұдан бөлек, 2 млрд теңгеге құю әдісімен металл дайындамалар мен бөлшектер өндіретін зауыт салу жобасы пысықталуда.
Премьер-министр жүнді терең өңдейтін KazFeltec зауытында да болды. Директоры Ерлан Жаңабергеновтің айтуынша, кәсіпорын 2025 жылы жеке инвестиция мен Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен іске қосылған. Жобаға 5,3 млрд теңге жұмсалып, 50 жұмыс орны ашылған.
Зауытта италиялық CORMATEX компаниясының жабдықтары орнатылған. Кәсіпорын жылына 3,6 мың тоннаға дейін жүн өңдеп, 2,2 мың тоннаға дейін дайын өнім шығара алады. Мұнда қой жүнінен құрылыс пен жиһаз өндірісіне арналған жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар жасалады.
Шикізат Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы шаруашылықтардан сатып алынады. Бұл шаруаларға жүнін өткізіп, табыс табуға мүмкіндік береді. Әзірге өнім ішкі нарықта сатылып жатыр, алдағы уақытта экспортқа шығару жоспарланған.
Сапар соңында Олжас Бектенов облыс әкімдігі мен тиісті мемлекеттік органдарға инвестициялық жобаларды уақытында жүзеге асыруды, инвесторларға қолдау көрсетуді және жаңа өндірістерді белгіленген мерзімде іске қосуды тапсырды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биылғы 10 айда еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,3%-ға өсті. Жыл басынан бері жалпы құны 900 млрд теңге болатын 125 жоба іске қосылған. Негізгі басымдық шикізатты терең өңдеуге, автомобиль және теміржол машиналарын жасауға, сондай-ақ салалық өндіріс кластерлерін дамытуға беріліп отыр.
Соңғы жаңалықтар