Алматы облысында ХҚКО қызметкері зейнеткерді қағып өлтіріп, қашып кеткен
Алматы облысында Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметкері қызметтік көлікпен 77 жастағы зейнеткерді қағып, оқиға орнынан кетіп қалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Жазба авторы жол-көлік оқиғасынан кейін мемлекеттік корпорация басшылығы бұл жағдайды жасырғанын мәлімдеген, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақпаратты 18 тамызда Instagram желісінде Сәуле Бикітеева жариялады. Ол өз жазбасында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен адамды қағып кеткенін жазған.
Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, зардап шеккен әйел кейін ауруханада қайтыс болған.
«ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен адамды қағып кетті. Кейін зардап шеккен әйел ауруханада қайтыс болды. Алайда Алматы облысындағы мемлекеттік корпорацияның директоры Талғат Бектұрсынов бұл жағдайды жасырған. Орталық аппарат бұл туралы енді ғана біліп, үнсіз отыр. Қызметтік көлік техникалық қызмет көрсету станциясынан табылды. Жүргізуші жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған. Жақында ғана маманды ұстап, қамауға алды. Қызметтік көлік күн сайын кешке ХҚКО тұрағына қойылып, таңға дейін сонда тұруға тиіс еді. Бірақ оны үш күн бойы жасырған. Лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес, мұндай жағдай туралы мемлекеттік корпорацияның орталық аппаратына хабарланып, көлік тұраққа қойылуға тиіс. Жол-көлік оқиғасы Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында жұмыстан тыс уақытта, түнде болған», - деп жазды жазба авторы.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі Еңбекшіқазақ ауданында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болғанын растады. Құқық қорғау органдары оқиға орнынан кетіп қалған 26 жастағы жүргізушінің ұсталғанын хабарлады.
Полицияның алдын ала мәліметінше, жол апаты 2026 жылғы 11 тамызда сағат 20:00 шамасында Алматы – Шелек – Қорғас – Бәйсейіт автожолында болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Kia Sorento автокөлігінің жүргізушісі жолдың белгіленбеген жерінен өтіп бара жатқан 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта жүргізуші ұсталып, қамауға алынған. Полиция жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Әзірге полиция әлеуметтік желіде тараған ХҚКО қызметкері, қызметтік көлік және оқиғаны мемлекеттік корпорация басшылығы жасырды деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Сондай-ақ әлеуметтік желідегі жарияланым мен полицияның ресми мәліметінде зардап шеккен әйелдің қай жерде қайтыс болғанына қатысты айырмашылық бар: әлеуметтік желідегі жазбада оның ауруханада көз жұмғаны айтылса, полиция әйелдің алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмғанын хабарлады.
Тергеу нәтижесінде жол-көлік оқиғасының нақты мән-жайы мен жүргізушінің әрекетіне берілетін құқықтық баға белгілі болады.
Оқиғаға байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы редакцияға түсініктеме берді. Мемлекеттік корпорация филиал қызметкері тізгіндеген көліктің қатысуымен жол апаты болғанын растады.
«Болған оқиға жайлы ақпарат келіп түскеннен кейін Мемлекеттік корпорация өз құзыреті шегінде қызметтік тексеру жүргізді. Тексеру барысында жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне, ішкі бақылаудың ұйымдастырылуына, сондай-ақ қызметтік автокөлікті пайдалану тәртібіне тиісті баға берілді. Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара қолданылды», - делінген ведмоствоның тілшімізге берген жауабында.
Атап айтқанда, филиал директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары жетекшілік ететін бағыт бойынша қызметтік автокөліктерді пайдалануды тиісті деңгейде бақыламағаны, сондай-ақ қызметтік ақпараттың толық әрі объективті берілуін қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ал филиал директоры филиал қызметіне жалпы басшылық жасау және бақылау, ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ мүліктің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге қатысты лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Бұл ретте қайғылы жағдайға әкеп соққан жол-көлік оқиғасына байланысты қызметтік автокөлікті басқарған қызметкердің құқықтық жауапкершілігін айқындау - құқық қорғау және сот органдарының құзыретіне жатады. Қызметкердің көтеретін жауапкершілік деңгейі мен түрі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатқан қылмыстық іс аясында және сот шешімі негізінде айқындалады», - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Мемлекеттік корпорация көз жұмған зейнеткер әйелдің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Соңғы жаңалықтар