Алматы облысында полиция басшысының орынбасары әйелін қызметтік көлікпен қағып кетті
Алматы облысының Балқаш ауданында адам өліміне әкелген жантүршігерлік жол апаты тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Polites.news-ке сілтемемен.
Алдын ала мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 мамыр күні таңғы сағат 05:00 шамасында Қонаев — Бақанас автожолында болған.
Ақпаратқа сәйкес, қызметтік Hyundai Elantra көлігін Балқаш аудандық полиция бөлімінің басшы орынбасары Бауыржан Қабдулданов басқарған. Көлікте оның жұбайы да бірге болған. Алдын ала дерек бойынша, жол үстінде ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Әйел адам көліктен түсіп қалғаннан кейін, жүргізуші бірнеше шақырым жүріп өтіп, қайта кері бұрылған. Сол кезде жол бойында отырған әйелді байқамай, көлікпен қағып кеткені айтылуда.
Салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен прокурорлар барып, тергеу жұмыстарын бастаған.
Қазір аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Көлікке де айтарлықтай зақым келгені белгілі болды.
Әзірге Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Соңғы жаңалықтар