Алматы тауларында 1000 шақырымнан астам соқпақ толықтай цифрландырылды
Алматы тауларында 1000 шақырымнан астам соқпақ цифрландырылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ тілшісі.
Алматыда тау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары 2025 жылы қарқынды жалғасуда. Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, бүгінге дейін 1000 шақырымнан астам таулы жаяу жүргіншілер маршруты цифрландырылып, оның 750 шақырымнан астамы толықтай абаттандырылған.
Басқарманың хабарлауынша, биылдың өзінде 10 басым тау маршрутында жұмыстар жүргізілуде. Бұл тізімге «Көк-Жайлау» шатқалына баратын жолдар, «Нұрлытау» мен «Бутаковка» соқпақтары, «Халық соқпағы», сондай-ақ Кимасар мен Панорамаға апаратын бағыттар енген. Абаттандыру аясында бағыт-бағдар нұсқайтын белгілер, ақпараттық қалқандар, түрлі-түсті таңбалар, демалысқа арналған күркелер мен арнайы алаңдар орнатылуда.
Сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тас құлауынан қорғайтын құрылымдар, арнайы төсеніштер, баспалдақтар мен тұтқалар жасалған. Жалпы, осы жұмыстардың нәтижесінде 7 кемпинг-аймақ құрылып үлгерген.
Бұдан бөлек, «Алма-Арасан» термалды бұлағына кешенді реконструкция толық аяқталып, ұзындығы 775 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер соқпағы да жаңартылған. Ондағы беткейлер нығайтылып, көпірлер қалпына келтірілген.
Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін жалпы таралымы 27 500 дананы құрайтын арнайы басылымдар шығарылған. Тіпті, үш тілде Брайль шрифтімен жазылған материалдар да әзірленген. Қазіргі уақытта 110-нан астам туристік нысан мен 10 маршрутты қамтитын, бес тілде сөйлейтін аудиогид жасалу үстінде.
Туризм басқармасы тау инфрақұрылымы мен цифрлық сервистерді дамыту Алматыны белсенді демалыс сүйер қауым үшін қауіпсіз әрі тартымды ете түсетінін атап өтті. Бұл өз кезегінде экотуризмде жаңа өнімдердің пайда болуына және туристердің қалаға деген ықыласын арттыруға ықпал етпек.
Сонымен қатар, басқарма тауға шығатын саяхатшыларға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Мамандар ауа райы жағдайын мұқият бақылап, тауға тиісті дайындықсыз және қажетті жабдықтарсыз шықпауға кеңес береді.
Соңғы жаңалықтар