Алматы тауларындағы трагедия: қаза тапқандардың бірі – 11-сынып оқушысы

30.12.2025 09:12 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
Алматы тауларындағы трагедия: қаза тапқандардың бірі – 11-сынып оқушысы
0
361
Фото: ҚР ТЖМ

Алматы тауларында болған қайғылы оқиғада қаза тапқандардың арасында 11-сынып оқушысы, 17 жастағы Мағамед те бар, деп хабарлайды politico.kz.

КТК арнасының мәліметінше, анасы Румина үшін бұл қайғыға сену әлі де қиын. Ұлы – бірнеше жылдан бері альпинизммен айналысқан, тәжірибелі жас турист, Алматы маңындағы тауларда мерт болған үш жігіттің бірі болып шықты.

Анасының айтуынша, Мағамед тауды ерекше жақсы көрген, альпинизмді жай әуестік емес, өмірінің мәні деп қабылдаған. Осы уақытқа дейін ол шамамен 30-ға жуық шыңды бағындырған. Соңғы жорыққа да үлкен дайындықпен шыққан: барлық қажетті құрал-жабдықты, жеткілікті азық-түлікті және жылы киімдерді өзімен бірге алған. Румина ұлының таңдауын әрдайым қолдап келгенімен, оның әр сапары жүрегіне ауыр тигенін айтады.

Соңғы рет анасы баласымен Мынжылқы шыңында бейнебайланыс арқылы сөйлескен. Байланыс бар соңғы нүктеде Мағамед күлімдеп тұрып, алда желі болмайтынын айтып, алаңдамауын өтінген. Румина сол сәтті скриншотқа сақтап қалған – қазір ол ана үшін ұлын еске салатын ең ауыр естелікке айналған.

Ол күні тауға үш дос бірге шыққан. Олар 12 сағаттан астам уақыт байланысқа шықпаған соң, жақындары дабыл қаққан. Марқұмдардың туыстары бұл сапардың кездейсоқ болмағанын, керісінше, алдын ала жоспарланған, дайындықпен ұйымдастырылған жорық екенін атап өтті. Топтың нақты маршруты, жетекшісі болған, уақыт кестесі, қосымша киім мен қауіп-қатерлер де ескерілген.

Іздеу жұмыстарына Алматы қаласының ТЖД, құтқару бөлімшелері, еріктілер мен кинологтар тартылып, тікұшақ дереу әуеге көтерілген. Алайда операция ауа райының қолайсыздығына, қатты жел мен қалың қарға байланысты күрделене түскен. Құтқарушылардың мәліметінше, туристерді қар көшкіні басып қалған. Үшеуінің де мәйіті шамамен 3700 метр биіктікте, Локомотив шыңының маңынан табылған. Марқұмдарды төменге түсіру жұмыстары жаяу жүргізіліп, алты сағаттан астам уақытқа созылған.

Алматы қалалық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцевтің айтуынша, іздеу-құтқару жұмыстары төрт мың метрге жуық биіктікте өткен. Қалың қар, боранды жел, төмен температура және кей жерлерде 50 сантиметрден асатын қар қабаты құтқарушыларға айтарлықтай қиындық келтірген.

Қаза тапқан туристердің жасы 17 мен 20 жас аралығында. Бұл қайғы олардың отбасылары үшін орны толмас қасіретке айналса, құтқарушылар үшін таулардың тіпті тәжірибелі әрі дайын адамдар үшін де аса қауіпті екенін тағы бір мәрте еске салған ауыр оқиға болды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий