Алматыда анасының ішінде 2 метрлік кіндікке алты рет оралып қалған сәби дүниеге келді

Алматыда анасының ішінде 2 метрлік кіндікке алты рет оралып қалған сәби дүниеге келді
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Алматы қалалық №1 перзентханасында медицина тәжірибесінде сирек кездесетін клиникалық жағдай тіркелді. Дәрігерлер кіндік бауы мойнына алты мәрте оралған нәрестені еш асқынусыз, табиғи жолмен босандырып алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақ халаттылардың айтуынша, мұндай жағдайда сәби өміріне үлкен қауіп төнеді. Алайда бұл жолы кіндік бауының әдеттегіден тым ұзын болуы нәрестені ауыр зардаптардан сақтап қалған.

«Әдетте кіндік бауының қалыпты ұзындығы 50-70 сантиметрді құрайды. Кейде 40 сантиметрден де қысқа болуы мүмкін. Ал бұл сәбидің кіндігі 200 сантиметрге (2 метр) жеткен. Соның арқасында бірнеше рет оралғанына қарамастан, ұрықтың денсаулығына ешқандай қауіп төнген жоқ», – дейді №1 перзентхананың пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің жетекшісі Зульфия Нашекенова.

Босану барысында акушерлер тобы нәрестенің жүрек соғысы мен жағдайын кардиотокография (КТГ) аппараты арқылы үздіксіз бақылауда ұстаған. Заманауи медициналық жабдықтар ұрықтың жай-күйіндегі кез келген ауытқуды дер кезінде анықтап, босандыру тәсілін дұрыс таңдауға мүмкіндік берген.

Жалпы, босану кезінде кіндіктің тартылуы қан тамырларының қысылуына, қан айналымының бұзылуына және сәбидің оттегі тапшылығына (гипоксияға) ұшырауына әкелуі мүмкін. Бірақ дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында бұл жолы ешқандай асқыну болмай, тіпті кесарь тілігіне жүгінудің де қажеті туындамаған.

«Акушерлік салада 27 жылдан бері еңбек етіп келемін. Интернатураны аяқтағаннан кейін осы перзентханаға келіп, содан бері үздіксіз қызмет етудемін. Тәжірибемде кіндіктің бірнеше рет оралуы екінші рет кездесіп отыр. Алғашқы жағдайда кесарь тілігі кезінде кіндік бауының мойынға жеті рет оралғанын анықтаған едік. Екінші рет — осы жолы табиғи жолмен босану кезінде алты рет оралған жағдай тіркелді. Мұны нағыз медициналық ғажайып деуге болады», – дейді №1 перзентхананың дәрігер акушер-гинекологы Гаухар Жақсылықова.

Қазіргі уақытта ана мен сәбидің жағдайы жақсы, екеуі де дәрігерлердің бақылауында.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу