Ащы тамақ, салқын сусын: Димаш сүйікті тағамынан неліктен бас тартуға мәжбүр?

Ащы тамақ, салқын сусын: Димаш сүйікті тағамынан неліктен бас тартуға мәжбүр?
Фото: instagram.com/dimash.news

1 желтоқсанда танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «DIMENSIONS» әлемдік туры аясында Перу астанасы Лимадағы Costa 21 алаңында өнер көрсетеді. Маңызды кеш қарсаңында әнші жергілікті «Peru 21» басылымына сұхбат беріп, дауыс күтімі, жаңа шоуға дайындық барысы және перулік көрермендерге әзірлеген тосынсыйлары туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Талант пен сахнаға дайындық туралы

Журналистің «Бойыңызда ерекше талант барын және дауыс мүмкіндігіңізді осындай деңгейге жеткізе алатыныңызды қай сәтте түсіндіңіз?» деген сұрағына әнші бұл туралы мүлде ойланбайтынын айтты.

«Мен кез келген уақытта ән айтқанды жақсы көремін. Мысалы, маған түнгі сағат 3-те қоңырау шалып немесе ұйқымнан оятсаңыз да, бәрібір – мен ән айтуға әрқашан дайынмын», – дейді Димаш.

Дауыс күтімі мен концерт күнгі тәртіп

Әншінің айтуынша, концерт күні дауысты сақтау үшін қатаң шектеулерді ұстануға тура келеді.

Мәселен, өзі ащы тағамдарды жақсы көргенімен, сахнаға шығар күні мұндай астан бас тартады. Сондай-ақ концерт болатын күні көп тамақ жемейді, тәтті шырындар, газдалған және салқын сусындар ішпейді. Бұған қоса, дауысын шаршатпау үшін артық сөйлеспеуге тырысады.

Журналист перулік асханада дәмді әрі ащы тағамдар көп екенін айтқанда, әнші: «Перудағы концерт аяқталған соң бәрі өзгереді. Сондықтан өзіме аздап ащы тағам жеуге рұқсат беруге болады деп ойлаймын», – деп жауап берді.

«DIMENSIONS» шоуына дайындық

Жарық пен визуалды эффектілерге бай ауқымды шоуды ұйымдастыруға шамамен бір жыл уақыт кеткен. Ал сахналық қойылымның өзі мен аранжировкаларды әзірлеуге жарты жылдан астам уақыт жұмсалған.

«Біз тек музыкамен ғана емес, ауқымды визуалды бөлікпен де жұмыс істедік. Командамның арқасында концерт өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Олар орасан зор еңбек атқарды, мен оларды мақтан тұтамын. Ендігі кезек пен сынақ – менде, барымды салып өнер көрсетуім керек», – деді өнер иесі.

Елшілік миссия және «Dears» жанкүйерлері

Шетелдік сахналарда қазақтың ұлттық аспаптарын қолданып, ана тілінде ән шырқайтын Димаш бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын екенін жасырмады.

«Бала кезімнен осындай сәттерді армандайтынмын. Қазір халықаралық деңгейде табысты мансап қалыптастырған елімнің алғашқы әншісі атандым, бұған әлі де толық сене алар емеспін. Кейде Еуропада, Азияда немесе Америкада 20-30 мың адамның алдында концерт беріп, олардың менің ана тілімде ән айтып тұрғанын естимін. Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім», – дейді әнші.

Ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі «Dears» жанкүйерлеріне шексіз алғысын білдіріп, барлық жетістігі солардың қолдауының арқасы екенін атап өтті: «Жанкүйерлерім болмаса, мен жай ғана қазақстандық азаматпын, ал олармен бірге – әншімін».

Лимадағы көрерменді не күтіп тұр?

Димаштың сөзінше, Перудегі концерт әлемдік турдағы шоумен негізінен бірдей болғанымен, 100 пайыз қайталанбайды. Бағдарлама Польшада сынақтан өткен, енді жанкүйерлердің пікіріне қарай кейбір әндерге шағын өзгерістер енгізіліп, бірнеше жаңа туынды қосылуы мүмкін. Әнші Лима жұртшылығына жаңартылған әрі тосынсыйларға толы кеш сыйлауға уәде берді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу