Қарағандыда тіс емдеткен қыз бала мүгедек болып қалды: анасы дәрігерлерді сотқа берді

Қарағандыда тіс емдеткен қыз бала мүгедек болып қалды: анасы дәрігерлерді сотқа берді
Фото: видеодан скриншот

Қарағанды тұрғыны әлеуметтік желіде көпшіліктен қолдау сұрап, тіс дәрігерлерінің салғырттығынан қызының мүгедек болып қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

gazizaadamkulova парақшасында жарияланған жазбаға сәйкес, оқиға 2023 жылы Қарағанды облыстық балалар стоматологиясында болған. Ол жерде қызының тісін «Севоран» наркозымен жұлдырғаннан кейін баланың бас миында асқынулар пайда болып, салдарынан салданып, бірінші топтағы мүгедек болып қалған:

«Құрметті қазақ елі! 2023 жылы Қарағанды облыстық балалар стоматологиясында қызымның тісін севоранмен (наркоз) жұлдырып, артынан бас миында асқынулар кетіп, бала салданып, бірінші топтық мүгедек болып қалды. Енді алдағы уақытта ұзаққа созылған сот отырысы болады. Бірінші отырыста біз сұраған талаптар қаралмады, өкінішке орай! Келесі отырыстан әділ шешім күткендіктен, әділ шешімді талап етеміз! Сіздерден сұрайтынымыз — халық болып әділдікті сұрап, жауапты органдар өз ісіне жауап берсе екен», — деп жазды анасы.

Сондай-ақ жәбірленуші тараптың қолында сол күні берілген наркоз дозасының өзгертілгенін растайтын ресми дәлелдер бар:

«Баланың өмірін құртқан жауапсыз дәрігерлер мен жауапсыз тіс емханасы өз ісіне жауап беруін талап етеміз! Қолымызда сол күнгі жасалған севоранның дозасының өзгертілгені жөнінде дәлелді фармбақылаудың (қорытындысы) бар», — деді жазба авторы.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу