Алматыда діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды

Алматыда діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды
Фото: Polisia.kz

Алматы қаласында діни экстремистік идеологияны таратты деген күдікке ілінген 44 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол бірнеше жыл бойы шетелде жүріп, интернет арқылы радикалды көзқарастарды насихаттаған.

Күдікті 11 қарашада қолға түскен. Полицияның дерегінше, 2024 жылдан бері шетелде болған ер адам жабық Telegram топтары арқылы діни-экстремистік мазмұндағы материалдарды таратып, онлайн дәрістер өткізген.

Бұған дейін сот оның аудиодәрістерін экстремистік материалдар деп таныған. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2024–2025 жылдары ер адам өз ізбасарларынан 60 миллион теңгеден астам қаражат алған.

Тергеу аясында Алматы қаласы мен Жамбыл облысында бірқатар тінту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде діни әдебиеттер мен экстремистік идеология белгілері бар қолжазбалар тәркіленген.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу