Алматыда екі жасөспірімнің қазасына қатысты тергеу аяқталды: Іс сотқа жолданды

01.10.2026 • 10:20 Мөлдір ҚАЙНАР
Алматыда екі жасөспірімнің қазасына қатысты тергеу аяқталды: Іс сотқа жолданды
307
Фото: коллаж politico.kz

Алматыда биыл сәуір айының соңында кісі қолынан қаза тапқан екі жасөспірім — Дінмұхамед Есенгелді мен Ешім Қалдыбайдың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға кезінде жасөспірімдер ауыр пышақ жарақатынан көз жұмған болатын. Кейіннен әлеуметтік желілерде жараланған балаларға дер кезінде тиісті медициналық көмек көрсетілмегені туралы мәліметтер тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Полиция департаменті аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғап, оқиғадан соң барлығы 12 адам қамауға алынған еді.

Қазан айының басында тергеу жұмыстары толық аяқталды. Қаза болған Дінмұхамедтің әпкесі Айзада Есенгелдінің айтуынша, сотқа дейінгі өндіріс нәтижесінде іс бойынша айыпталушылар орындығына алты күдікті отырмақ.

Аталған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 9 қазан күні сағат 10:00-ге белгіленген. Сот процесі Наурызбай аудандық сотының ғимаратында (Шұғыла шағынауданы, 347/1) офлайн форматта өтеді. Істі судья Гаухар Шалабаева қарайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий