"Бала — инвестиция": Дариға Бадықова болашақ жарымен неке келісімшарты мен ана атану жоспарын айтты

"Бала — инвестиция": Дариға Бадықова болашақ жарымен неке келісімшарты мен ана атану жоспарын айтты
Фото: instagram.com/dariga_badykova

Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова болашақта отбасын құрған жағдайда неке келісімшартын міндетті түрде жасайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz caravan.kz сайтына сілтеп.

«7 арнаға» берген сұхбатында өнер иесі отбасындағы қаржылық жауапкершілік пен ерлі-зайыптылардың ортақ еңбегіне қатысты өз ұстанымын жеткізді. Оның айтуынша, шаңырақтағы барлық ауыртпалықты тек ер азаматтың мойнына артып қою дұрыс емес:

«Неке келісімшарты міндетті түрде жасалады. Өйткені, әркімнің еңбегінің еншісі бар. Мысалы, ол да, мен де еңбектендім. Бәрін еркек алу керек, еркек жасау керек деген әйелдің қатарынан емеспін. Жалпы отбасы 50/50. Еркектің мойнына көп нәрсе артып қоюға болмайды. Сен де өмірге келдің, сен де өмірге құштарсың, сен де жаса. Бір адам тіптен жасамай қойса қиын. Ал егер бірлесе отырып жасаса, екеуінің де жүрегі тыныш», — деді Дариға Бадықова.

Сондай-ақ актриса сұхбат барысында ана атану мәселесіне де тоқталып, өміріндегі барлық қадамды алдын ала жоспарлайтынын атап өтті:

«Балалы болу қиын да, оңай да шаруа емес. Уақыт керек. Бәрі жоспарлы түрде болу керек. Арманым — өмірге сапалы бала алып келу. Мен үшін баланы өмірге әкелу — жауапкершілік. Бала — инвестиция. Әйел адам үшін ойланатын нәрсе. Менің өмір сүру тәсілім — алдын ала бәрі жоспарланады. "Құдай берсе, болды, несібесі" деген түсінік менде жоқ», — деп түйіндеді өнер иесі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу