Қазақстанда интернет тарифтері әлемдік бағадан үш есе арзан болып шықты
Қазақстанда мобильді интернет тарифтері әлемдік орташа деңгеймен салыстырғанда шамамен үш есе арзан. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомство басшысының айтуынша, осы айдағы халықаралық рейтинг нәтижесі бойынша Қазақстан мобильді интернеттің қолжетімділігі жөнінен әлемде 7-орынға тұрақтаған.
«Елімізде мобильді байланыстың орташа құны айына шамамен 10 долларды құрайды, ал әлемдік орташа баға – 27 доллар. Демек, біздегі тарифтер үш есеге жуық төмен. Сонымен қатар интернет-трафик көлемі де қарқынды өсіп келеді», – деді Жаслан Мәдиев.
Вице-премьер байланыс сапасын жақсартып, 5G желісін кеңейту үшін байланыс операторлары инфрақұрылымға тұрақты түрде инвестиция құюы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл ретте екі жақты тепе-теңдікті ұстану маңызды: тарифтер қарапайым халық үшін қолжетімді болып қала беруі тиіс, сондай-ақ телекоммуникация саласы инвесторлар үшін де тартымдылығын жоғалтпауы керек.
Министр келтірген деректерге сүйенсек, соңғы екі жыл ішінде еліміздегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 мегабиттен 93,4 мегабитке дейін артқан. Ал интернет-трафиктің жалпы көлемі 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі еседен астам ұлғаяды деп күтілуде.
Соңғы жаңалықтар