Ғалымдар жүректің кенет тоқтау қаупін алдын ала анықтаудың жаңа тәсілін тапты

Ғалымдар жүректің кенет тоқтау қаупін алдын ала анықтаудың жаңа тәсілін тапты
Фото: istockphoto.com

Ғалымдар жасанды интеллект көмегімен адамның жүрегі кенет тоқтап қалу қаупін алдын ала анықтауға болатынын көрсетті. Ол үшін жүректің электрлік белсенділігін тіркейтін кәдімгі электрокардиограмма (ЭКГ) жеткілікті болуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.

Жүректің кенет тоқтауынан жыл сайын АҚШ-та 300 мыңға дейін адам көз жұмады. Ал әлем бойынша барлық өлімнің 15%-ына дейін осы жағдайдың үлесіне тиеді деген болжам бар.

Мұндай өлімнің алдын алуға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы – дефибриллятор бар. Ол адамның денесіне орнатылып, жүрек соғысы қауіпті түрде бұзылғанда электр импульсі арқылы оны қалыпқа келтіреді. Алайда дәрігерлерге бұл құрылғының нақты кімге қажет екенін алдын ала анықтау қиын.

Калифорния университетінің ғалымы Зиад Обермейер бастаған зерттеушілер жасанды интеллектіні Швецияда жасалған 440 мыңнан астам электрокардиограмма арқылы үйреткен. Кейін оны АҚШ-тағы 140 мыңға жуық науқастың және Тайваньдағы шағын топтың медициналық деректерімен сынаған.

Нәтижесінде жасанды интеллект Швециядағы зерттеуге қатысқан науқастардың 2,2%-ын жоғары қауіп тобына жатқызған. Олардың 7%-ы бір жыл ішінде жүректің кенет тоқтауынан қайтыс болған. Ең маңыздысы, дәрігерлер қазір қолданып жүрген тексеру әдісі жасанды интеллект анықтаған қауіпті топтағы адамдардың 86,1%-ын байқамаған.

Сондай-ақ жасанды интеллект жоғары қауіп тобына жатқызған адамдардың арасында дефибриллятор орнатылған науқастардың өлім көрсеткіші статистикалық болжамнан 54,4%-ға төмен болған. Дегенмен ғалымдар өлім көрсеткішінің төмендеуіне дәл осы құрылғы себеп болғанын әлі дәлелдеген жоқ.

Зерттеушілер ЭКГ жазбасынан бұған дейін ғылымға белгісіз болған тағы бір белгіні анықтады. Ол жүрек бұлшықетінде тыртық тінінің пайда болуымен байланысты болуы мүмкін. Мұндай өзгеріс жүректің қалыпты соғуын қамтамасыз ететін электрлік сигналдардың таралуына кедергі келтіреді.

Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық жүрегі кенет тоқтап қалу қаупі бар адамдарды ертерек анықтап, олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруі ықтимал.

Зерттеу нәтижелері Nature ғылыми журналында жарияланған. Толығырақ осы жерде.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу