ІІМ-нің бұрынғы комитет төрағасына айыппұл салынды

ІІМ-нің бұрынғы комитет төрағасына айыппұл салынды
Фото: gov.kz

Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы, полиция полковнигі Данияр Мейірхан қарамағындағы қызметкерін жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында анықталғандай, Мейірхан 2025 жылдың сәуірінен қарашасына дейін жұмыс орнында әйел қызметкерді жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Әйел жұмыстан шығарылудан қорқып, психологиялық қысым салдарынан оның талабына келіскен.

Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, нотариус куәландырған хат алмасулар және маман қорытындысы арқылы дәлелденген.

Сот Мейірханды Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша кінәлі деп танып, 6 млн теңгеге жуық айыппұл тағайындады. Алайда ол өз кінәсін мойындамаған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, биыл сәуірде Данияр Мейірханның үстінен қызметкерлерден шағым түскен. Олардың арасында қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және жыныстық қысым көрсету туралы арыздар болған.

Сол кезде ІІМ материалдардың тіркеліп, тексеріс жүргізіліп жатқанын растаған. Мейірхан тексеріс кезінде қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілген.

Данияр Мейірхан 2025 жылдың қыркүйегінен бастап ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу