Ақтөбеде өлтірілген кәсіпкердің кім екені белгілі болды
Ақтөбеде атып өлтірілген 49 жастағы кәсіпкердің кім екені белгілі болды. Ол Helios компаниясының Ақтөбе филиалының директоры Айболат Жисов болып шықты. Бұл ақпаратты компанияның өзі растады, деп хабарлайды Politico.kz.
Helios компаниясы Instagram желісіндегі ресми парақшасында марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Helios компаниясының ұжымы Ақтөбе филиалының директоры Айболат Тубасович Жисовтың өмірден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.
Айболат Тубасович білікті басшы, өз ісіне адал, айналасына әрдайым қолдау көрсете білген жан еді. Ол өзінің адамгершілігімен, мейірімділігімен, жігерлілігімен және өмірге деген құштарлығымен әріптестерінің ерекше құрметіне бөленді.
Оның жарқын бейнесі мен өнегелі еңбегі баршамыздың жадымызда мәңгі сақталады», – делінген жазбада.
Еске салайық, қылмыс 16 қарашада Ақтөбедегі Ғазиза Жұбанова көшесіндегі жеке үйлердің бірінде болған.
Арада екі күн өткенде полиция кәсіпкерді өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұмның көршісі болған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Соңғы жаңалықтар