Алматыда студент баға үшін оқытушысына пышақ сұққан: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде екінші курс студенті оқытушысына пышақ ала жүгірді. Білім ордасының қабырғасында болған қылмыстық әрекеті үшін жас жігіт 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға логистика мен көлік саласының мамандарын даярлайтын ALT университетінде орын алды. Белгілі болғандай 18 жастағы екінші курс студенті оқу орнына суық қару алып кірген. Ол ерлер дәретханасында 35 жастағы математика пәнінің мұғаліміне тұтқиылдан шабуыл жасап, мойын тұсынан жарақаттаған. Студент оқиға орнынан қашып кетпек болғанымен, күзет қызметкерлері оны дер кезінде құрықтады.
Алдын ала болжам бойынша жанжалға студенттің үлгерімі мен баға мәселесі себеп болуы ықтимал. Тәлімгер жазғы семестрге қалып қойғаны үшін осындай қадамға барды деген деректер айтылуда. Алайда университет әкімшілігі бұл ақпаратты ресми түрде растамады. Оқу орны аппаратының басшысы Жәнібек Смадияровтың айтуынша, зардап шеккен ұстаздың жағдайы қалыпты және ол қазір жұмысқа қайта кірісіп, дәріс беруді жалғастыруда.
Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек күдіктінің ізін суытпай қолға түскенін және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Қазіргі таңда бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетерлігі, ақылы бөлімде оқитын студент бұрын сабақтан қалмайтын және момын мінезімен ерекшеленетін. Университет басшылығы күдіктіні оқудан шығару туралы шешімді әлі қабылдаған жоқ. Егер сотта оның кінәсі толық дәлелденсе, үлгілі саналған студент ұзақ мерзімге темір торға қамалуы ғажап емес.
Еске салайық бұған дейін әлеуметтік желілерде білім ордасындағы қанды жанжал туралы ақпарат тараған болатын.
Соңғы жаңалықтар