«Университет беделі адам өмірінен маңызды емес»: ІІМ жоғары оқу орындарына қатаң ескерту жасады
Қазақстан Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының студенттерін зорлық-зомбылық, қорқыту, әлімжеттік және бопсалау жағдайлары туралы үнсіз қалмауға шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сонымен қатар ведомство университет басшылығына оқу орнының беделін қорғау үшін мұндай оқиғаларды жасыруға болмайтынын ескертті.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, студенттердің қауіпсіздігі әрбір жоғары оқу орны үшін басты міндет болуы керек. Бұл талап тек оқу ғимараттарына ғана емес, жастар бос уақытының басым бөлігін өткізетін студенттік жатақханаларға да қатысты.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның сөзінше, студенттердің шағымдарын елемеу, зорлық-зомбылық фактілерін жасыру немесе университеттің беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға жол берілмейді. Себебі әрбір шағымның артында адамның өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп тұруы мүмкін.
Ведомство жоғары оқу орындарының басшылығы білім алушылардың қауіпсіздігіне жауапты екенін еске салды. Сондықтан студенттерден түскен өтініштер уақытылы қаралып, кез келген құқық бұзушылыққа дер кезінде шара қолданылуы қажет.
ІІМ мәліметінше, жаңа оқу жылы басталғалы бері студенттер ортасында 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық дерегі, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 фактісі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 жағдайы бар.
Қауіпсіздікті күшейту мақсатында студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітілген. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында ғимараттарға кіру тәртібі қатаңдатылып, ішкі қауіпсіздік қызметтері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырған.
Полиция қызметкерлері студенттер мен оқытушылар арасында 207 профилактикалық іс-шара өткізген. Кездесулер барысында құқық бұзушылықтың алдын алу және жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланған.
Ішкі істер министрлігі қатарластары немесе жоғары курс студенттері тарапынан қысым көріп жүрген жастарға да арнайы үндеу жасады.
Құралай Карина студенттерді өз құқықтарын қорғауға, қорқыту мен бопсалауға көнбеуге шақырды. Егер адам зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болса, полицияға дереу хабарлауы қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ ведомство студент мәртебесі заң бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Құқық бұзғандарға заң аясында тиісті шаралар қолданылуы мүмкін. Ал ауыр тәртіптік теріс қылықтар болған жағдайда университет басшылығы студентті оқудан шығару мәселесін де қарастыра алады.
Айта кетейік, ІІМ-нің бұл үндеуі ҚазҰУ-де болған бірнеше қайғылы оқиғадан кейін жариялады.6 қарашада университеттің журналистика факультетінде білім алатын бірінші курс студенті көз жұмған. Арада он күн өткен соң география факультетінің 17 жастағы студенті Дауыл Бақыртай жатақханада қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның әлімжеттікке ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеген.
Ал 19 қарашада полиция университеттің тағы бір студенті өзіне қол жұмсауға әрекет жасағанын хабарлады.
Осы оқиғалардан кейін ҚазҰУ түлектері жатақханаларда жылдар бойы қалыптасқан бейресми иерархия туралы айта бастады. Олардың сөзінше, жоғары курс студенттері бірінші курсқа жаңадан түскен жастарға қысым көрсетіп, өздеріне бағындыруға тырысқан.
Соңғы жаңалықтар