«Мәсімовтің туысымын» деп жүздеген мың доллар алған: Алматыда бұрынғы полковник сотталды

«Мәсімовтің туысымын» деп жүздеген мың доллар алған: Алматыда бұрынғы полковник сотталды
Фото: Kozachkov offside

Алматыда өзін Кәрім Мәсімовтің туысымын деп таныстырып, таныстарына мемлекеттік органдардағы мәселелерді шешіп беруге уәде еткен бұрынғы полиция полковнигі сотталды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “Kozachkov offside” Telegram арнасына сілтемемен.

Ол жер телімін рәсімдеу, алма бағын қайтару және шетелге шығуға қойылған шектеуді алып тастау сынды мәселелерді шешемін деп бірнеше азаматтан ірі көлемде ақша алған. Сот оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Іс материалдарына сүйенсек, Ішкі істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарған Әлімжан Қадыров әртүрлі өңірлерде жол полициясының басшылық лауазымдарында болған. Ол өзінің қызметтік байланыстары мен ықпалын пайдалана алатынын айтып, таныстарына түрлі мәселелер бойынша көмектесуді ұсынған.

Атап айтқанда, бір азаматқа Алматы қаласындағы «Алтын квадрат» аумағында орналасқан жер учаскесін өз атына рәсімдеп беруге уәде етіп, 53 мың доллар талап еткен. Тағы бір жағдайда Алматы облысындағы алма бағын қайтарып беруге көмектесетінін айтып, жәбірленушіден 200 мың долларға жуық ақша алған.

Бұдан бөлек, қарыздарына байланысты шетелге шыға алмай жүрген азаматтың мәселесін шешуге 35 мың долларға келіскен. Ал төртінші адамнан кәсіпке инвестиция салу сылтауымен 48 мың доллар алып, кейін тағы 10 мың доллар сұраған. Соңғы соманы сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің жұбайын емдеуге жұмсайтынын айтқан.

Қадыров сенімге кіру үшін өзін Кәрім Мәсімовтің туысы ретінде таныстырған. Ол ықпалды адаммен байланысы бар екенін айтып, осы арқылы айналасындағы адамдардың сеніміне кірген. Алайда кейін олардың арасында ешқандай туыстық байланыс жоқ екені анықталған.

Бұрынғы полицейге қатысты алғашқы шағымдар 2020 жылдың сәуірінде түскен. Сол кезде бірнеше азаматтың арызынан кейін ол халықаралық іздеуге жарияланған. Кейін ұсталғанымен, қылмыстық істі тергеу ұзаққа созылып, Қадыров тергеу изоляторына тек 2025 жылдың соңында қамалған. Осылайша, істің тергелуіне бес жылдан астам уақыт кеткен.

Биыл сот отырысы өтіп, айыпталушыға төрт эпизод бойынша алаяқтық жасады деген айып тағылды. Алайда Қадыров тағылған айыпты мойындамады. Ол жәбірленушілердің үшеуінен ақша алмағанын, ал төртінші азаматпен есеп айырысқанын айтқан.

Сот оның бұл уәждерін қабылдамай, бұрынғы полковникті 6 жыл 8 айға жалпы режимдегі колонияға жіберу туралы үкім шығарды. Сонымен қатар ол жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген. Енді өзін Кәрім Мәсімовтің туысымын деп таныстырған бұрынғы полицей жазасын өтейді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу