Алматыда ұлын қорғаған анаға полицияға шағым түскен
Алматыда 9-дағы баласын балалар алаңында екі бала ұрып-соққанын айтқан әйел өзіне де полицияға шағым түскенін мәлімдеді. Оның сөзінше, ол ұлын қорғауға шыққан кезде түсірілген бейнежазба өзіне қарсы дәлел ретінде пайдаланылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Әйел болған жағдайды әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Оның айтуынша, оқиға 10 қарашада Алматының Алатау ауданында болған. Екі бала ойын алаңында 9 жастағы ұлын ұрған. Бала үйіне жарақат алып келген.
«10 қарашада балалар алаңында екі бала 9 жастағы ұлымды ұрып-соқты. Біреуі ұстап тұрған, екіншісі басынан тепкен. Ұлым үйге ерні қанап келді. Баламды қорғау үшін сыртқа шыққанымда, оны қайтадан ұрып жатқанын көрдім. Сол сәтте тек баламды қалай қорғап, мұның бәрін қалай тоқтатуды ойладым», – деп жазды әйел.
Алайда оның сөзінше, осыдан кейін жағдай күтпеген жерден өрбіген.
«Жасөспірімдердің ата-анасы полицияға арыз жазып, менің баламды қорғап жатқан сәтім ғана түсірілген видеоны тіркеген. Ал баламды ұрып жатқан кезі бейнежазбаға түспеген», – дейді ол.
Әйел 11 қарашада балаларымен бірге Алатау аудандық полиция басқармасында шамамен 6 сағат отырғанын мәлімдеді.
Ол полиция қызметкерлері өзіне дөрекілік көрсетіп, психологиялық қысым жасағанын және қорқытқанын айтып отыр. Сондай-ақ ұлын бөгде адамдардың көзінше бірнеше рет сұраққа алғанын жеткізді.
«Маған өз ұстанымымды дұрыс түсіндіруге мүмкіндік бермеді. Үйде онкологиялық ауруға шалдыққан, I топтағы мүгедектігі бар, төсек тартып жатқан анам жалғыз қалғанын бірнеше рет айттым. Мен оған күтім жасаймын. Бірақ өтінішіме ешкім құлақ аспады», – деп жазды әйел.
Ол өзіне ерекше қарым-қатынас жасауды емес, болған оқиғаны әділ әрі жан-жақты тексеруді талап ететінін айтты.
«Неге 9 жастағы баланың соққыға жығылуы басты мәселе болмай отыр? Неге тек қиып алынған видео қаралады? Неге баласын қорғауға тырысқан ана осындай қарым-қатынасқа тап болады?» – деп сұрады ол.
Әйел полицияға қарсы арыз бергенін және жоғары тұрған органдарға да жүгінуге ниетті екенін жеткізді.
Алматы полициясы не дейді?
Әйелдің әлеуметтік желідегі жазбасына Алматы қалалық полиция департаменті жауап берді.
«Кәмелетке толмаған балаға күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады», – деп хабарлады полиция.
Әзірге полиция әйелдің өзіне қатысты жазылған арыз бен оның полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты шағымдары жөнінде бөлек түсініктеме берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар